Жаңа оқу жылына сыйлықпен: ШҚО ПД болашақ бірінші сынып оқушыларын құттықтады
Жаңа оқу жылы қарсаңында Өскемен қаласындағы этнопаркте Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінің биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын балаларына арналған мерекелік іс-шара өтті.
Полиция департаментінің қалалық және аудандық бөлімшелерінен келген 90 болашақ бірінші сынып оқушысы үшін қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Балаларды аниматорлармен бірге ойындар мен байқаулар, би батлдары, танымал челлендждер және басқа да көңілді ойын-сауықтар күтті.
Мерекенің ерекше сәті балаларға мектеп сөмкелерін табыстау болды. Бірінші сынып оқушыларына сыйлықтарды Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов және игі бастаманы қолдаған банк серіктестерінің өкілдері табыс етті.
Серік Манапов балаларды өмірлеріндегі маңызды кезеңнің басталуымен құттықтап, оқуда табыс тіледі:
«Әрбір отбасы үшін 1 қыркүйек – ерекше күн болып саналады. Балаларымыз алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басады. Сіздерге оқуға деген қызығушылық, зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және үлкен жетістіктер тілеймін. Әрбір жаңа қадамдарыңыз ата-аналарыңыздың мақтанышына айналсын».
Кейін кішкентай қонақтарға Облыстық драма және оперетта театрының әртістері орындаған «Мақта қыз» қойылымы ұсынылды. Мерекелік бағдарлама жас өнерпаздардың музыкалық қойылымдарымен толықты.
Күн әрі қарай этнопарктегі серуенмен жалғасты. Балалар пойызға мініп, хайуанаттар бағын аралады.
Алда балаларды алғашқы қоңырау, жаңа достар, қызықты жаңалықтар мен мектептегі жарқын сәттер күтіп тұр. Ал бүгінгі мереке олардың мектеп жылдары бойы жүректерінде сақталатын жылы естеліктердің біріне айналды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті барлық оқушыларға білімге және үлкен армандарға бастар алғашқы қадамын нық басып, мектеп өмірінде толағай табыстарға жетуіне тілектес!
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1282601?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау