🔰Кешегі күн – бүгінгі тарих. Тарихы 1946 жылы бастау алған кәсіпорынның ауданның ғана емес ел экономикасына сіңірген еңбегі еселі. Тарих парағын артқа тастап, өткенге оралатын болсақ, 1946 жылы желтоқсанның 5 жұлдызында ұсақтау -ұнтақтау фабрикасына фосфорит кенінің алғашқы тонналары жеткізіледі. Міне, осы сәттен бастап қарт Қаратаудың қойнауына алғашқы тарих жазыла бастайды. Әр жылдары үздіксіз дамып, тау қопарып, кенді игерген кәсіпорын еліміз үшін аса маңызды алпауыт компанияға айналды.
🔰Бүгін Орталық алаңда «ГПК КАЗФОСФАТ» — 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Алаңға жиналған халықтың қарасы мол болып, ине шаншар орын болмады. Салтанатты жиынды «НДФЗ» ЖШС-нің басқарма төрағасы Адил Алиев және «ГПК КАЗФОСФАТ» бас директоры Бөлеген Жакупов сөз сөйлеп ашып, тарихы тағылымды кәсіпорынның еліміздің экономикасына қосатын үлесіне тоқталды. Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков те құттықтау сөз сөйлеп, кеншілерге ізгі тілектерін жолдады.
Сонымен қатар, «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» басқарма төрағасы Мұқаш Ескендіров, еңбек ардагерлері Мұратқали Сарсенов, Алпыс Жақсылықов пен Қуаныш Әбішев те жылы лебіздерін арнады. Ауданымыздың кәсіпорын саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар қызметкерлер мен сала ардагерлеріне “ГПК КАЗФОСФАТ – 80 жыл” төсбелгісін, “Ауданға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі мен аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және кәсіпорынның Құрмет грамотасы және Алғыс хаттары тапсырылды.
🔰Кеш барысында лэд экранда «Қазфосфаттың 80 жылдық тарихы» атты бейнеролик көрсетілді. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаева, эстрада жұлдыздары Нұрболат Абдуллин, Рақымжан Жақайым, Баянсұлу мен Ерке Есмахан аудан тұрғындарына әннен шашу шашса, Тараздан келген «EVENTPRINT» би ансамблі, KVARTO тобы мен Әскербек пен Жанна көрермендердің ықыласына бөленді. Концерт соңындағы отшашу тұрғындарды ерекше әсерге бөленді.
Осылайша думанға толы Жаңатастың кеші ұмытылмастай көңіл күй сыйлады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sarysu/press/news/details/1283045?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау