Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға өсімпұлды қайда және қалай төлеу керектігін, төлем кезінде неге назар аудару қажеттігін түсіндіреді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға өсімпұлды қалай төлейді?
Жағдайыңыз: Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданамын, әлеуметтік төлемдер бойынша өсімпұл есептелді. Өсімпұлды қайда және қалай төлеймін?
Әлеуметтік төлемдерді уақтылы немесе толық төлемегені үшін есептелген өсімпұлды мына арналар арқылы төлеуге болады:
– екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары (мысалы, Halyk: Төлемдер → Барлық төлемдер → Мемлекеттік төлемдер → Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар);
– Kaspi.kz (Мемлекеттік қызметтер / Төлемдер → Айыппұл мен салық → Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға аударымдар немесе өсімпұл бойынша жеке төлемдер бөлімі);
– «Қазпошта» АҚ бөлімшелері.
Есептелген өсімпұл сомасын алдын ала «e-Salyq Business» мобильді қосымшасынан немесе салық төлеуші кабинетінен тексеріңіз.
Маңызды. Әлеуметтік төлемдер мен өсімпұл сомасын «e-Salyq Business» қосымшасы арқылы төлеу (есептен шығару) жүргізілмейді. Қосымша чектерді қалыптастыру және міндеттемелерді есептеу үшін пайдаланылады.
Өсімпұл төлеген кезде төлемді тағайындау кодын (ТТК) дұрыс көрсету қажет:
– 019 — міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша өсімпұл;
– 098 — жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖБМЗЖ) бойынша өсімпұл;
– 017 — әлеуметтік аударымдар бойынша өсімпұл;
– 124 — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (МӘМС) бойынша өсімпұл.
Төлем алушы — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ.
Еске саламыз: өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаның әлеуметтік төлемдері айлық табыстың 4%-ын құрайды (МЗЖ, ЖБМЗЖ, әлеуметтік аударымдар және МӘМС — әрқайсысы 1%). 1975 жылға дейін туған адамдар ЖБМЗЖ төлемейді. Төлеу мерзімі — табыс алған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей. Ай ішінде табыс болмаса, төлем есептелмейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1283894?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау