Бүгін, 31 тамызда Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында алдағы 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрттен уланудың алдын алу, сондай-ақ балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды.
Мәселен, «Каспий жылу, су арнасы» МКК иелігіндегі қала аумағындағы тұрғын үйлерде орналасқан 533 өрт гидрантының 32-сі ақаулы деп танылған. Бұдан бөлек, иесіз тұрған 400 өрт гидрантының 199-ы жарамсыз жағдайда.
– Аталған мәселелерді дереу шешу үшін нақты ұсыныстарыңызды күтеміз. Иесіз тұрған өрт гидранттарын «Каспий жылу, су арнасы» МКК балансына беру қажет. Ақауы бар өрт сөндіру құралдарын толық тексеріп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Сонымен қатар отырыста өрт қауіпсіздігі мен балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу шаралары айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша Ақтау қаласының әкімі жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар беріп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1283321?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау