Бүгін – 1 қыркүйек, күздің алғашқы күнімен бірге жаңа оқу жылы да басталды. Барша оқушы, студент, ата-ана және ұстаздар қауымын Білім күнімен құттықтаймын!
Осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын мен де мектеп табалдырығын аттап, алғашқы қоңыраудың сыңғырын тыңдап, үлкен өмірге алғашқы қадамымды жасаған едім. Арада қанша жыл өтсе де, мектептегі сол күндер, ұстаздардың өнегесі мен балалық шақтың ыстық естеліктері жүректе сақтаулы.
Содан бері көп нәрсе өзгерді. Мектептер жаңарды, білім беру жүйесіне жаңа технологиялар енді. Бірақ өзгермейтін бір нәрсе бар. Ол – ұстаздың бала өміріндегі орны мен білімнің адам тағдырындағы маңызы.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазір – білімнің дәуірі. Білімі озық жұрт даму көшінің алдына шығады» деп, білім мен ғылым саласының дамуына әрдайым ерекше басымдық беріп келеді.
Біздің озық ойлы ұлтқа айналуымыздың негізі – терең білімде жатыр.
Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Сондықтан осы сәттен бастап әр оқушыға Мемлекет басшысы атап өткендей, қарапайым сәлемдесу мәдениетінен бастап кітап оқуға, ізденуге, білімге құштар болуға дейінгі дағдыларды бойына сіңіріп, еңбекті қадірлеуді, үлкенді сыйлауды, туған жерін құрметтеуді үйретуіміз қажет. Бұл – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін. Ал мектеп бітіруші түлектерге өз болашағын айқындап, үлкен өмірге нық қадам басуды тілеймін.
Білім күні құтты болсын!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-irgiz/press/news/details/1283677?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау