Елордада жаңа 2026-2027 оқу жылында оқушыларға қолайлы жағдай жасау жұмысы жалғасып жатыр. Биыл №13, №41, №72, №73, №79, №82 және №86 мектептер жанынан жеті қосымша оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар екі жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа ғимараттар заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқу кабинеттері, асханалар, спорт залдары және балаларға арналған коворкинг аймақтары қарастырылған.
Әр ғимараттың сыйымдылығына қарай екі ауысымда 1000-нан 1200-ге дейін бала білім ала алады. Қосымша оқу ғимараттарының ашылуы негізгі мектеп корпустарына түсетін жүктемені азайтып, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы жаңа оқу жылында Астанадағы 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Биыл шамамен 33 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Мектеп инфрақұрылымын кеңейту – елордадағы басым бағыттардың бірі. Соңғы жылдары қалада жалпы сыйымдылығы 100 мыңнан астам оқушы орны бар 44 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 23-і «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.
Жаңа нысандар салумен қатар, оқу жылына дайындық аясында 38 білім беру ұйымында жөндеу жүргізілді. Барлық білім беру нысаны алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысын аяқтап, дайындық паспорттарын алды.
Жаңа оқу ғимараттарының ашылуы білім беру үдерісін ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік беріп, балалар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи оқу ортасын қалыптастыруға жағдай жасайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1283641?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау