Білім күні: Қарағандыда полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабақтарын өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Жаңа оқу жылында Қарағанды облысының мектептерінде қауіпсіздік сабақтарынан басталды. Полиция қызметкерлері оқушыларға жолдағы және интернеттегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды.

     Білім күні Қарағанды облысының полициясы үшін де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстың басталған күні болды. Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов бастаған департамент басшылығы бірқатар білім беру ұйымдарына барып, оқушылар мен педагогтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

     Кездесулер барысында балаларға күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызы түсіндірілді. Полицейлер жолдан өту кезінде сақтық таныту, жол қозғалысы ережелерін сақтау, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста абай болу, интернет кеңістігінде жеке деректерді қорғау және құқық бұзушылыққа жол бермеу жөнінде кеңестер берді.

– Бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттаған барша бүлдіршінді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Білім жолында талаптарыңа нұр жауып, армандарың биік болсын. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтап, интернетте сақтық танытып, құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырамын. Қандай да бір қауіп туындаған жағдайда, үлкендерден немесе полиция қызметкерлерінен көмек сұраудан тартынбаңыздар, – деді Негмет Исмагулов.

     Қазіргі таңда Қарағанды облысында 420 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында аталған оқу орындарында 176 мыңнан астам оқушы білім алады.

     Осыған байланысты полиция қызметкерлері мектептерде профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Негізгі назар балалардың жолдағы қауіпсіздігіне, буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлыққа және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға аударылады.

     Білім күні аясында Қарағанды қаласындағы Жақып Ақбаев атындағы мектепте “Жас сақшы” сыныбы өз жұмысын бастады.

     Арнайы сыныпта 9-11 сынып оқушылары білім алып, құқық қорғау саласы бойынша алғашқы кәсіби бағдар алады. Оқу барысында жасөспірімдер полиция қызметінің негізгі бағыттарымен танысып, құқықтық білімдерін жетілдіреді.

     Полиция департаментінің қызметкерлері оқушыларға оқу жылы бойы бағыт-бағдар беріп, теориялық біліммен қатар, ішкі істер органдары қызметінің ерекшеліктері туралы практикалық ақпарат ұсынбақ.

     “Жас сақшы” сыныбы – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға ғана емес, олардың бойында тәртіп, жауапкершілік, заңға құрмет және азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.

     Полиция үшін баланың қауіпсіздігі – бір күндік міндет емес. Бұл – оқу жылы бойы жүйелі түрде атқарылатын басты бағыттардың бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1283960?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version