Нью-Йорк, 2026 жылғы 31 тамыз – БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл халықаралық күніне орай бірқатар іс-шара өтті.
Биылғы Халықаралық күн үш айтулы мерейтой аясында өтуде: Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қоюға ашылғанына 30 жыл және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуы.
Негізгі іс-шара БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі отырысы болды. Оны БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрайымы Анналена Бербок, БҰҰ Бас хатшысының атынан БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу және ЯСЖТШ ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд ашты.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өз жолдауында ядролық қаруға ие мемлекеттерді сынақтарға қатысты қолданыстағы мораторийлерді сақтауға және ЯСЖТШ-тың тез арада күшіне енуі үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырды. «Әлем енді ешқашан ядролық жарылыстың куәсі болмауға тиіс», – деп атап өтті БҰҰ басшысы.
Отырысқа қатысушылар ядролық сынақтарға қарсы қалыптасқан халықаралық норманы сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, олардың қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін гуманитарлық және экологиялық салдарына ерекше назар аударды. Бірқатар баяндамаларда Қазақстанның тәжірибесі мен Семей полигонының жабылуы ядролық сынақтарды тоқтату жолындағы жаһандық күш-жігердің маңызды кезеңі ретінде аталды.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Семей полигонының жабылуы және еліміздің кейіннен мұраға қалған әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан бас тартуы Қазақстанның сенімге, диалог пен ынтымақтастыққа негізделген бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы қағидатты таңдауының көрінісі болғанын назарға алды. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы дәйекті саясатына, сондай-ақ ядролық сынақтардың алдын алу және қауіпсіз әлем құру мақсатында халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі үндеуіне тоқталды.
Белгілі қазақстандық суретші әрі антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіковтің сөзі отырысқа ерекше гуманитарлық сипат берді. Оның өмір жолы ядролық сынақтардың зардаптары жарылыстар тоқтағаннан кейін де жойылмайтынын, адамдардың өмірі мен денсаулығына, олардың отбасылары мен кейінгі ұрпақтарға әсер ететінін халықаралық қоғамдастықтың есіне тағы бір мәрте салды.
Отырыс алдында БҰҰ ғимаратының ядролық қарусыздануға арналған қабатында символикалық шеру өтті. Онда «Невада-Семей» қозғалысының ядролық сынақтарға қарсы халықтық наразылық акциялары бейнеленген фотосурет те қамтылды.
Сол күні Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде БҰҰ мен ЯСЖТШ ұйымының, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен іс-шара ұйымдастырылды. Қонақтарға тақырыптық кітап көрмесі мен ядролық сынақтардың зардаптары туралы деректі фильм ұсынылды. К.Күйіковтің өз картиналарын БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі И.Накамицуға және ЯСЖТШ ұйымының Атқарушы хатшысы Р.Флойдқа табыстауы іс-шараның символдық сәтіне айналды.
Бұған дейін, 2026 жылғы 28 тамызда, БҰҰ штаб-пәтерінде ЯСЖТШ-тың 30 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі еске алу іс-шарасы және арнайы көрменің ашылуы өтті. Ал 2026 жылғы 29 тамызда, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл халықаралық күнінде, Қазақстан Аустралия, Германия, Канада, Нидерланд, Финляндия және Жапониямен бірлесіп БҰҰ штаб-пәтерінің аумағында естелік ағаш отырғызу рәсімінің тең ұйымдастырушысы болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1283275?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау