ІЛЕ АУДАНЫНДА 900 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ» АШЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні Іле ауданының Н.Тілендиев ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ордасының ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын мектеп 44 сыныпқа есептелген. Білім ордасында оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қажетті заманауи жағдай жасалып, тиісті материалдық-техникалық база қалыптастырылған. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, бас мердігер – «QAZAQ STROY» ЖШС.

Жаңа оқу жылында мектепке 1 230 оқушы қабылданды. Оның ішінде 100-ге жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жалпы Іле ауданы бойынша биыл бірінші сыныпқа 6 118 бала қабылданды.

Салтанатты шара барысында мектептің лентасы қиылып, жаңа білім ордасының кілті табысталды және алғашқы қоңырау соғылды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мектеп ғимаратын аралап, оқу кабинеттері мен оқушылар үшін жасалған жағдаймен танысты.

Жаңа мектептің пайдалануға берілуі Н.Тілендиев ауылындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың заманауи әрі қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, биыл 1 қыркүйекте Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 жаңа мектеп ашылып, 4 200 жаңа оқушы орны пайдалануға берілді. Олар Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алатау қаласында орналасқан. Сонымен қатар өңірдегі 10 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Жаңа мектептер салу және қолданыстағы білім нысандарын жаңғырту жұмыстары өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын кезең-кезеңімен азайтып, білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-ile/press/news/details/1283587?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version