Кредиттік тарих дегеніміз не, және ол қалай қалыптасады?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Агенттік кредит алу туралы өтінімдерді қарау кезінде банктер мен микроқаржылық ұйымдар қарыз алушының төлем қабілеттілігін және кредиттік тәуекел деңгейін бағалайтынын еске салады. Мұндай бағалаудың негізгі ақпарат көздерінің бірі азаматтың кредиттік тарихы болып табылады, оның негізінде дербес кредиттік рейтинг (ДКР) де қалыптастырылады.

Кредиттік тарих және дербес кредиттік рейтинг туралы мәліметтер кредиттік бюроларда жинақталады. Қазақстанда екі кредиттік бюро – «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ (МКБ) және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС (БКБ) жұмыс істейді. Оларда азаматтардың кредиттері, берешектері, мерзімі өткен төлемдері және өзге де қаржылық міндеттемелері туралы ақпарат қамтылады.

МКБ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы болып табылады. Заңнамаға сәйкес екінші деңгейдегі банктер, микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар, коллекторлық агенттіктер, байланыс операторлары, коммуналдық қызметтер көрсететін ұйымдар және ақпарат берушілер болып табылатын басқа да ұйымдар мәліметтерді МКБ-ға беруге міндетті.

БКБ жеке коммерциялық ұйым болып табылады, бұл ретте БКБ-ға ақпарат беру ерікті негізде жүзеге асырылады.

Кредиттік тарих қалай қалыптасады?

Кредиттік тарих – бұл сіздің кредиттеріңіз бен қарыздарыңыз туралы ақпарат. Онда сіз қандай кредит алғаныңыз, қанша қарыз алғаныңыз, төлемдерді уақтылы төлегеніңіз және кешіктіргендігіңіз көрсетіледі.

Кредиттік тарихты кредиттік бюро оған банктер, микроқаржы ұйымдары, кредитке тауарлар мен қызметтер көрсететін немесе төлемді кейінге қалдыра отырып беретін ұйымдар, коллекторлық агенттіктер, мемлекеттік органдар және заңда көзделген басқа да ұйымдар беретін ақпарат негізінде қалыптастырады.

Бұл ұйымдар кредиттік бюроға өз клиенттері туралы шынайы және өзекті ақпаратты беруге міндетті.

Кредиттік тарихқа кімдер қол жеткізе алады?

Кредиттік тарих құпия ақпарат болып табылады. Кредиттік есепті азаматтың өзі, сондай-ақ заң бойынша мұндай ақпаратты алуға рұқсаты бар ұйымдар ала алады.

Мысалы, кредиттік есепті банктер, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, кредиттік серіктестіктері және заңда көзделген өзге де ұйымдар, әдетте, азаматтың өзінің келісімімен ала алады («Кредиттік бюролар туралы» Заңның 17-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы).

Кредиттік бюро кредиттік тарихты қорғауға және ондағы ақпаратты бөгде тұлғаларға жария етпеуге міндетті.

Жекелеген жағдайларда, егер тиісті мемлекеттердің уәкілетті органдары арасында ақпарат алмасу туралы келісім жасалған болса, ақпарат басқа елдердің кредиттік бюроларына берілуі немесе олардан түсуі мүмкін («Кредиттік бюролар туралы» Заңның 25-бабының 4-тармағы).

Кредиттік тарих қанша уақыт сақталады?

Кредиттік тарих кредиттік бюрода азамат туралы соңғы ақпарат алынған күннен бастап бес жыл бойы сақталады.

Маңызды: бұл бес жылдық мерзім кредит алынған күннен бастап емес, кредиттік бюро қарыз алушы туралы соңғы ақпаратты алған күннен бастап есептеледі.

Мысалы, егер сіз кредитті толық өтеп, банк кредиттік бюроға оның өтелгені туралы ақпаратты берсе, кредиттік тарихты сақтау мерзімі кредиттік бюро осы ақпаратты алған күннен бастап есептеледі.

Сондықтан бұрын алынған кредиттер туралы мәліметтер, соның ішінде олардың уақтылы немесе мерзімін өткізіп өтелгені туралы ақпарат соңғы ақпарат түскеннен кейін бес жыл бойы кредиттік тарихта сақталуы мүмкін.

Сілтеме бойынша Fingramota.kz. сайтында көбірек пайдалы материалдар қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1283481?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version