Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданыс аясын кеңейту мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ-да 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында «Мемлекеттік тілдің тағылымы мен мәртебесі» тақырыбында семинар-лекция өтті. Іс-шараны қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Оразкүл Асанқызы жүргізді.

Қазақстан халқының тілдері күні 2017 жылдан бастап қазақ ағартушысы, ғалымы, ұлт устазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып, 5-ші қыркүйекте атап өтіледі.  Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, елімізде тұратын барлық этнос тілдерін құрметтеу, ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайту мақсатында бекітілген мерекенің маңызы зор.

Семинар барысында қатысушыларға қазақ тілінің қалыптасу мен даму тарихы, ана тілін сақтаудың ұлттың болашағы үшін маңызы туралы кеңінен айтылды. Мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында қолдану аясын кеңейту, оның ішінде сәулет және қала құрылысы саласында қазақ тілінің қолданысын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, қала құрылысы құжаттарын әзірлеу, сәулет саласындағы атаулар мен терминдерді қолдану, ономастика мәселелерінде мемлекеттік тілдің нормаларын сақтау қажеттілігі сөз болды.

Сонымен қатар, Оразкүл Асанқызы Дейл Карнегидің «Әр адам үшін өзінің атынан тәтті, жағымды ешнәрсе болмайды» деген пікірін мысалға келтіріп, құжаттардағы адам аты-жөнін жазу кезінде орфографиялық нормаларға мұқият болудың маңыздылығына да тоқталды.

Тілдің дамуы – ұлт болашағының кепілі. Ең басытысы – ниеттің болуы. Дәріс қорытындысы бойынша ана тілінде сөйлеу, жазу және оның күнделікті қолданыс аясын кеңейтуді әр азамат өзінен бастауы тиіс деген ой түйілді.  

 

 

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-saulet/press/news/details/1283624?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version