2024 жылдың тамыз айынан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бірлесуімен «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» пилоттық жобасы іске асырылуда.Бұл жоба еліміздің Қызылорда, Павлодар, Абай облыстарында және Шымкент қаласында жүзеге асырылып келеді.
Жобаның Негізгі мақсаты – тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға оңалту көмегін тұрғылықты жерінде, яғни үй жағдайында, заманауи инновациялық оңалтудың техникалық құралдарын пайдалана отырып ұйымдастыру.
Қызылорда облысында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтудың пилоттық жобасын іске асыру барысын зерделеу мақсатында біз Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының Қызылорда филиалына барып, жобаның нақты жұмысымен таныстық.
Балаға көрсетілетін оңалту қызметтері, мамандардың жұмысы, қолданылатын әдістер мен құралдар қаралды. Сонымен қатар ата-аналармен әңгімелесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.
Жұмыс барысында пилоттық жобаға қатысатын балалардың үйлеріне барып, оңалту қызметтерінің нақты көрсетілу барысымен таныстық.
Жоба қалай жүзеге асады?
- Баланы жобаға іріктеу
Баланың оңалту қажеттілігі бағаланады. Мамандар баланың функционалдық жағдайын және үйдегі ортасын зерттейді.
- Жеке қажеттілігін бағалау
Мультидисциплинарлық команда баланың медициналық-әлеуметтік көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, оған қажетті оңалтудың техникалық құралын таңдайды.
- Инновациялық құралдарды ұсыну
Жоба шеңберінде, мысалы:
көпфункционалды кресло-арбалар;
вертикализаторлар;
жүруді имитациялайтын құрылғылар;
арнайы тренажерлар және басқа да инновациялық құралдар пайдаланылады.
Маңыздысы – құралдар баланың нақты қажеттілігіне қарай жеке таңдалады және белгілі бір оңалту курсын өткізу кезеңінде өтеусіз уақытша пайдалануға беріледі.
- Оңалту үй жағдайында жүргізіледі
Үй жағдайындағы оңалтудың басты артықшылығы – баланың өзіне олайлы ортада қажетті мамандардың көмегін алуына және оңалту шараларының үздіксіз жүргізілуіне мүмкіндік беру.
Ата-ана баламен күнделікті жаттығуларды жүргізеді. Ал реабилитолог, ЛФК нұсқаушысы және басқа бейінді мамандар баланың нәтижесін бақылап, қажет болған жағдайда оңалту бағытын түзетеді.
Бұл жерде ата-ананың белсенді қатысуы өте маңызды.
Сонымен бірге цифрлық оңалту күнделігі қолданылады: ата-ана орындалған жаттығулар мен баланың нәтижелері туралы ақпарат енгізеді, ал мамандар динамиканы қашықтан бақылай алады.
Қазіргі нәтижелері
Бүгінгі күнге ғылыми орталықтың ресми мәліметі бойынша Қызылорда облысында жобаға 184 бала тартылған, оларға 95 инновациялық оңалтудың техникалық құралдары қызмет жасайды. 138 балада оң динамика байқалған.
Жоба қазіргі таңда Қызылорда облысында жалғасуда, және – ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың және олардың қоғамға белсенді араласуына жағдай жасаудың маңызды қадамы болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-kyzylorda/press/news/details/1283453?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау