Неліктен еңбек өтілі ұқсас адамдардың зейнетақы мөлшері әртүрлі болуы мүмкін?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Көршім екеуміздің еңбек өтіліміз бірдей деуге болады, бірақ зейнетақымыз әртүрлі. Немесе бір кәсіпорында бірге жұмыс істедік, алайда зейнетақымыздың мөлшері неге әртүрлі?»

         Осындай сұрақтармен зейнеткерлер жиі жүгінеді. Бір қарағанда, еңбек өтілі бірдей немесе шамалас болсада, зейнетақы мөлшері де бірдей болуы тиіс сияқты көрінеді. Алайда бұл әрдайым олай емес.

        Зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілінің ұзақтығы ғана емес, бірнеше фактор ескеріледі. Олардың қатарында еңбек өтілінің  кезеңі, орташа табыс мөлшері, зейнетақы жарналары және зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі бар. Сондықтан еңбек өтілі ұқсас адамдардың зейнетақы төлемдерінің мөлшері әртүрлі болуы мүмкін.

Неге назар аудару қажет?

         1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ынтымақты зейнетақы төлемін алу құқығына және оның мөлшеріне әсер етеді.

         1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін айқындау кезінде ескеріледі.

Қарапайым мысалды қарастырайық.

      Ынтымақты зейнетақыны тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілінің ұзақтығы және заңнамада көзделген кезеңдегі орташа айлық табыс ескеріледі.

       Екі азаматшаның еңбек өтілі шамалас делік: біреуінде — 18 жыл, екіншісінде — 19 жыл. Соған қарамастан олардың зейнетақы төлемдерінің мөлшері әртүрлі болуы мүмкін. Себебі зейнетақыны есептеу кезінде еңбек өтілінің ұзақтығымен қатар, зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табыс мөлшері, сондай-ақ зейнетке шығу күні сияқты басқа да көрсеткіштер назарға алынады.

      Мысалы, егер зейнетке шығар алдында бір азаматшаның орташа табысы 180 мың теңге, ал екіншісінің табысы 250 мың теңге болса, олардың еңбек өтілі іс жүзінде бірдей болғанның өзінде зейнетақы төлемдерінің мөлшері әртүрлі болуы мүмкін.

Сонымен қатар, егер олардың біреуі зейнетке ертерек шыққан болса, кейінгі жылдары оның зейнетақы төлемдерінің мөлшері жыл сайынғы арттыруларға байланысты өзгеруі мүмкін.

Осылайша, еңбек өтілінің бірдей немесе ұқсас болуы зейнетақы мөлшерінің де бірдей болатынын білдірмейді. Әр адамның зейнетақы төлемдері оның жеке зейнетақы тарихына байланысты жеке қалыптасады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-ulytau/press/news/details/1283655?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version