Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин Жайық өзенінің рұқсат етілмеген жерінде суға батып бара жатқан адамға дер кезінде көмек көрсеткен атыраулық азамат Нұрлан Жолдыбаевты арнайы қабылдады. Кездесуге қала әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Қабылдау барысында Шәкір Кейкінұлы азаматтың өз басын бәйгеге тігіп, өзгенің өмірін құтқару жолындағы батыл әрекетін ерекше атап өтті.
– Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Баршаңызға белгілі, күні кеше Нұрлан бауырымыз Жайық өзенінің рұқсат етілмеген жерінде суға батып бара жатқан адамды байқап, еш ойланбастан көмекке ұмтылды. Дер кезінде жасаған батыл әрекеттің арқасында адам өмірі аман қалды. Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс деп бағалаймыз. Себебі, адамның өмірі – ең басты құндылық. Қызылтаяң сәтте уақыт жоғалтпай, жауапкершілік танытып, адам өмірін бірінші орынға қою – зор адамгершіліктің белгісі. Қиын сәтте қасқайып тұрып, көмек қолын созатын жүрегі кең, елге жанашыр азаматтардың бары – баршамыз үшін үлкен қуаныш. Сізге шынайы ризашылығымды білдіре отырып, зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға табыс тілеймін. Әрдайым елдің алғысына бөленіп, жақсы істеріңіз жалғасын таба берсін!, – деп шаһар басшысы Алғыс хат табыстап, естелік сыйлық ұсынды.
Айта кетейік, Нұрлан Ильясұлы елден жырақта еңбек етеді. Демалысы Құрылтай депутаттарын сайлау күніне сәйкес келген. Сол күні таңертең адам өмірін құтқарып қана қоймай, ел болашағы үшін өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділігін де көрсетті.
Өз кезегінде батыл азамат көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, бұл оның адам өміріне қауіп төнген жағдайда екінші рет көмек көрсетуі екенін жеткізді. Әлбетте, оның сын сағатта сырт айналмай, тәуекелге бел буғаны – көпке үлгі боларлық ерлік.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-atyrau/press/news/details/1283785?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау