Қарағандыда балаларға арналған заманауи шахмат кабинеті ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алғашқы жүріс, шах және мат — Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы №12 мектептің бастауыш сынып оқушылары енді шахмат ойнайтын арнайы кабинетте білім алады. Мұнда олар шахматтың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, логикалық ойлауын, зейінін және талдау қабілетін жетілдіріп, өз бетінше шешім қабылдауға үйренеді.

Жаңа кабинет шахмат тақталары мен тастары, оқу құралдары және жұмыс дәптерлерімен толық жабдықталған.

Мектепке жасалған ерекше тарту — Қазақстан чемпиондарының қолтаңбасы қойылған шахмат тақтасы. Оны мектепке Қазақстан шахмат федерациясы сыйға тартты.

Шахмат кабинеті «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы аясында ашылды. Қазақстанда бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бүгінде бағдарлама Қарағанды облысының 130 мектебінде енгізілген. Ал жаңа оқу жылында оған тағы 42 мектеп қосылды.

— «Шахмат негіздері» вариативті сағаттарының мақсаты — кәсіби спортшыларды даярлау емес. Ең бастысы — баланың ойлау қабілетін, логикасын, талдау дағдысын және өз бетінше шешім қабылдау машығын қалыптастыру. Қазір гаджеттер мен технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған заманда баланы өздігінен ойлануға үйретудің маңызы бұрынғыдан да арта түсті, – деді Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Динара Оспанова.

Шахмат сабағы мектептің оқу жоспарына енгізіліп, аптасына бір рет өткізіледі. Оқушылармен арнайы даярлықтан өткен бастауыш сынып мұғалімдері жұмыс істейді.

№12 мектеп үшін бұл — бағдарламаға қатысудың екінші жылы. Осы уақыт аралығында оқушылар семинарлар мен конференцияларға, сондай-ақ шахмат турнирлеріне белсенді қатысып, бірнеше рет жүлделі орындардан көрінді.

Фото: Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1283577?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version