Қыркүйек – білім әлеміне бастар жолдың бастауы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Күнтізбеде өзге күндерден ерекше, ешбірімен шатастыруға келмейтін күндер бар. 1 қыркүйек – сондай айрықша күннің бірі. Балалардың шат күлкісі, құшағына сыймаған гүл шоқтары, үлбіреген ақ бантиктер көмкерген таң тағы да оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды бір арнаға тоғыстырды. Жазғы демалыстан соң Тимирязев ауданының мектептері есігін айқара ашып, шәкірттерін жаңа оқу жылымен қарсы алды.

Білім күніне арналған салтанатты жиын С. Мұқанов атындағы Тимирязев жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында да өтті. Осы айтулы сәттің қуанышын оқушылармен, ұстаздармен және ата-аналармен бірге бөлісуге аудандық мәслихаттың төрағасы Айман Асанова арнайы келді.
Жиналған қауымды Білім күнімен құттықтаған Айман Асанова оқушыларға білім әлеміне қызығушылықпен қадам басып, жаңаны үйренуден жалықпауға, өз күшіне сенуге, қателесуден қорықпауға тілек білдірді. Сондай-ақ әрбір жетістіктің артында табандылық, маңдай тер және жақын жандардың қолдауы бар екенін естен шығармауға шақырды.

«Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Әрқайсымыз үшін мектеп жылдары жүрек төрінде сақталатын ерекше кезең болып қала береді. Бұл – алғашқы достар табылған, алғашқы жеңістерге қол жеткізген, жақсы ұстаздардан тәлім алған, болашақ туралы арманға қанат бітірген балалық шақтың ең қымбат сәттері.

Бүгін әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерімізге ерекше тілегімді жеткізгім келеді. Балалар, бүгін сендер үлкен мектеп өміріне алғашқы қадамдарыңды жасап отырсыңдар. Алдарыңнан әрдайым мейірімді ұстаздар, адал достар мен аяулы ата-аналарың жолықсын. Сұрақ қоюдан, қателесуден және қайта талпынып көруден ешқашан қорықпаңдар. Мектептегі әрбір күндерің сендерге жаңа білім, қызықты жаңалық, қуаныш пен өз күштеріңе деген сенім сыйласын. Алға нық қадам басып, әр күнді қызығушылықпен әрі көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алыңдар. Ең бастысы – армандарыңа сенуді ешқашан тоқтатпаңдар!» – деді Айман Асанова.

Жылдар өте келе бүгінгі бүлдіршіндер мектептегі барлық сабақтары мен тапсырмаларын ұмытып қалуы мүмкін. Алайда олардың жүрегінде дәл осы күннің естелігі мәңгі сақталары сөзсіз. Алғашқы гүлдері, жақындарының мейірімді күлкісі, өздері үшін ыстық мектептері және балалық шақтан үлкен өмірге бастар жолдың алғашқы белгісіндей болған алғашқы қоңырау – мұның бәрі олардың жадында қалады.

Бұл жол әрқайсысын жарқын болашаққа бастасын! Өмір жолдары жарық, көңілдері шат, армандары асқақ болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/timiryazmaslihat-sko/press/news/details/1283801?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version