Жаңа оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысында 439 мектеп жұмыс істейді. Бүгін 73 437 оқушы мектеп партасына отырады. Оның ішінде 6 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады.
Өңір басшысы ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтады.
«Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар!Сіздерді Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Білім – мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз ететін басты құндылықтардың бірі. Білімді, жауапкершілігі жоғары, мақсатшыл жас ұрпақ – еліміздің басты капиталы әрі келешек дамуының берік негізі. Сондықтан балалардың сапалы білім алуына заманауи әрі қолайлы жағдай жасау – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Мемлекет басшысы білім сапасын арттыруға, ұстаздарды қолдауға және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс өңірімізде де жалғасуда. Мектептер мен балабақшалар жаңартылып, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Оқушыларға білімге деген құштарлық, өз күшіне сенім және толағай табыс, ұстаздарға кәсіби жетістік пен шәкірттерінің құрметін, ал ата-аналарға амандық пен балаларының жетістігіне қуана беруді тілеймін. Биыл облысымызда 6 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басады. Олардың білім жолы қызықты ізденістерге, жарқын жаңалықтар мен үлкен жетістіктерге толы болсын!»
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1283299?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау