Бүгін Білім күніне орай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатында өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.
Салтанатты жиында қала әкімі ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім ордасының жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция екенін атап өтті.
– Білім еліміздің жарқын болашағының берік негізі. Бүгінгі оқушы ертең ел дамуына үлес қосатын білікті маман. Сондықтан балаларымыздың сапалы білім алып, қабілеттерін жан-жақты дамытуына барлық жағдайды жасау біздің басты міндеттеріміздің бірі. «Білім-Инновация» лицейінің шәкірттері республикалық және халықаралық білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп, қаламыздың абыройын асқақтатып келеді. Осындай жетістіктердің артында ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың қолдауы тұр. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Ұстаздарға шығармашылық табыс, ал шәкірттерге білім жолында биік белестер мен толағай жетістіктер тілеймін, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Жалпы, биыл Талдықорған қаласында 36 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады. Олардың 4 мыңға жуығы мектеп табалдырығын алғаш аттап, 1-сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндер.
Ал «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатына биыл 72 оқушы қабылданды. Бүгінде білім ордасында 40 педагог еңбек етеді. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына, қабілеттерін жан-жақты дамытуына және түрлі білім додаларында жоғары нәтиже көрсетуіне қажетті жағдай жасалған.
Еске салсақ, өткен оқу жылында лицейді 47 түлек тәмамдады. Олардың 5-еуі «Алтын белгі», 9-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. 34 түлек мемлекеттік білім грантын жеңіп алса, 8 оқушы Назарбаев Университетінің грантына ие болды. Лицей түлектері шетелдік жоғары оқу орындарына да оқуға түсті. Атап айтқанда, 2 түлек Малайзияда, 2 түлек Қытайда және 1 түлек Молдовада білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, лицейдің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 300 орындық жаңа оқу корпусының құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1283837?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау