ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДАҒЫ БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Сайрам ауданындағы Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектепте жаңа оқу жылы жағымды жаңалықпен басталды. Білім ордасының 300 орындық жаңа оқу корпусы, асханасы, шеберханасы мен спорт залы пайдалануға берілді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде білім беру инфрақұрылымын жақсарту, мектептердегі орын тапшылығын азайту және балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бөкейхан атындағы мектептің жаңа оқу корпусының ашылуы – осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесінің бірі.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Бөкейхан атындағы мектепте бұған дейін оқушы саны 1100-ден асқан кезеңдер болған. Оқушы санының өсуі мектептегі орын тапшылығын күшейтіп, үш ауысымды оқытудың алдын алу мәселесін өзекті етті. Бұған қоса, бұрынғы оқу ғимаратында асхана, кітапхана және педагогтерге арналған арнайы бөлмелердің болмауы білім беру үдерісін ұйымдастыруда бірқатар қолайсыздық туғызған.
Осы мәселені шешу мақсатында 2025 жылы мектеп аумағында 300 орындық қосымша оқу ғимаратының құрылысы басталды. Нәтижесінде бүгін оқушыларға қажетті жағдайлар қарастырылған жаңа оқу корпусы ел игілігіне беріліп отыр. Жаңа ғимаратпен бірге асхана, шеберхана және спорт залының пайдалануға берілуі мектептің материалдық-техникалық мүмкіндігін едәуір арттырды.
Бүгінгі таңда Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектепте 976 оқушы білім алып, 130 педагог еңбек етеді. Жаңа корпустың іске қосылуы оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және оқушылар мен ұстаздарға заманауи талаптарға сай қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Сайрам ауданында 6 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Ауданда білім беру нысандарының инфрақұрылымын жақсарту, орын тапшылығын кезең-кезеңімен шешу және оқушылар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1283723?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version