В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының жас ғалымына тұрғын үй сертификаты табысталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бес жас ғалымға тұрғын үй сертификаттарын табыстады.

Сертификат иегерлерінің қатарында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы – «В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институты» ЖШС космология, жұлдыздар динамикасы және есептеу астрофизикасы зертханасының кіші ғылыми қызметкері Гульнара Бадырханқызы Сулиева бар.

Гульнара Сулиева В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтында 2022 жылғы мамыр айынан бастап жұмыс істейді және теориялық астрофизика, космология, жалпы салыстырмалылық теориясы, қара құрдымдар физикасы және қараңғы материя салаларында ғылыми зерттеулер жүргізеді.

Жас ғалымның H-index көрсеткіші – 4, ал Scopus базасындағы ғылыми еңбектеріне жасалған дәйексөздер саны – 76. 2025 жылы ол «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» марапатына ие болды. Сондай-ақ халықаралық ғылыми конференцияларға, оның ішінде ICTPA-2024 International Conference on Theoretical Physics and Astrophysics конференциясына қатысып, 2023 жылы студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» халықаралық конференциясында екінші орын иеленді.

Гульнара Сулиеваның ғылыми зерттеу нәтижелері жетекші шетелдік және отандық ғылыми басылымдарда жарияланған. Оның жарияланымдар қоржынында Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін журналдардағы мақалалар бар. Олардың қатарында The European Physical Journal C, General Relativity and Gravitation, Physics of the Dark Universe, Chinese Journal of Physics және International Journal of Modern Physics D журналдары бар. Бірқатар ғылыми еңбектері бірінші және екінші квартильге кіретін басылымдарда жарық көрген.

Тұрғын үй сертификаттарын табыстау Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 31 мамырда «Ғылым ордасында» жас ғалымдармен кездесу барысында берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Бұл шара жас зерттеушілерді әлеуметтік қолдауға, олардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауға және отандық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Жас ғалымдарды, оның ішінде астрофизика және ғарыштық зерттеулер саласында еңбек ететін мамандарды қолдау іргелі ғылымды дамытуға және Қазақстанның ғарыш саласының ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Аэроғарыш комитеті Гульнара Сулиеваны тұрғын үй сертификатын алуымен құттықтап, алдағы ғылыми қызметіне табыс, жаңа ғылыми нәтижелер мен кәсіби жетістіктер тілейді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazcosmos/press/news/details/1283697?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version