Жаңа оқу жылы-жаңа белестер бастауы
Бүгін еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының басталуына арналған Білім күніне орай салтанатты жиындар өтті.
Осы айтулы күні Аудандық мәслихат төрағасы Бейсқали Толқын Ермекқызы Х.Досмұхамедұлы атындағы мектеп ұжымымен жүздесіп, білім ордасының табалдырығын аттаған ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Жаңа оқу жылының басталуына орай Толқын Ермекқызы аудан әкімінің атынан белсенділігімен ерекшеленген Есболат Әділхан есімді оқушыға «Таза Қазақстанға» 12 тамыз күні мерекелік шарадан соң Орталық жаңа паркті тазалау жұмыстарына атсалысқаны үшін велосипед сыйға тартты.
Бұл марапат – өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және туған жерінің көркеюіне өз үлесін қосуға ынталандыратын жақсы бастама. Жас жеткіншекке жаңа оқу жылында толағай табыс, биік белестер мен жақсы жетістіктер тілейді.
Кездесу барысында Аудандық мәслихат төрағасы Толқын Ермекқызы ұстаздарға жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие берудегі еңбектері үшін алғысын білдіріп, абыройлы да жауапты қызметтеріне толағай табыс тіледі. Ұстаз еңбегінің қашанда құрметке лайық екенін атап өтіп, білім саласының ел болашағын қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
Сондай-ақ мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып бүлдіршіндеріне ерекше сәттілік тілеп, олардың білім әлеміне жасаған алғашқы қадамдары сәтті болуына ізгі тілегін жеткізді. Ал мектеп оқушыларына жаңа оқу жылында жақсы білім алып, биік белестерді бағындырып, түрлі білім сайыстары мен қоғамдық іс-шараларда мектеп абыройын асқақтатуға тілектестігін білдірді.
Жаңа оқу жылы-жаңа мақсаттардың, жаңа ізденістердің және жаңа жетістіктердің бастауы. Білімді ұрпақ- елдің жарқын болашағы. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру- баршамызға ортақ маңызды міндет.
Салтанатты жиын барысында мектеп ұжымына оқу жылында сәттілік серік болып, әрбір бастама игі нәтижеге ұлассын. Мектептерімізден білімді, тәрбиелі, ел болашағына қызмет ететін азаматтар түлеп ұша берсін!
Жаңа оқу жылы құтты болсын!
Білім жолындағы әрбір қадам сәттілікке бастасын!
Еліміздің болашағы- білімді ұрпақтың қолында!
Қызылқоға аудандық мәслихаты
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-kyzylkogin-district/press/news/details/1283932?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау