Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін құрылыс саласындағы баға белгілеудің ашықтығы қамтамасыз етілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит қорытындысы бойынша құрылыста баға белгілеу жүйесін жетілдіруге, салалық нормативтік-техникалық базаны жаңартуға және тиісті мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылданды.

Мәселен, құрылыс ресурстары бағаларының анықтығын қамтамасыз ету мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қаржы министрлігінің бірлескен бұйрығы қабылданып, мемлекеттік кірістер органдарының растайтын мәліметтерді ұсыну тәртібі регламенттелді.

Осының арқасында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ішкі нарыққа құрылыс ресурстарын жеткізетін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туралы деректерді, сондай-ақ өндірушілердің, жеткізушілердің және құрылыс компанияларының электрондық шот-фактураларынан алынған мәліметтерді ала бастады.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс материалдарын, бұйымдарды, конструкциялар мен жабдықтарды өндіретін және жеткізетін кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын да бекітті. Енді мұндай компаниялар құрылыс саласындағы бағаларға мониторинг жүргізу үшін ақпаратты ведомствоға тікелей ұсынуға міндетті.

Жұмыстың тағы бір бағыты Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкіндегі жобаларға авторлық құқық мәселесін реттеуге арналды. Бұл дайын жобалау-сметалық құжаттаманы қайта қолдану мүмкіндігіне тікелей әсер етеді, соның нәтижесінде жобалау мерзімдері мен құны қысқарады. «Мемсараптама» РМК және оның филиалдарымен бірлесіп 921 жоба бойынша кеңестер өткізілді, оның қорытындысы бойынша 917 авторлық шартқа қол қойылды. 4 жоба бойынша қаржыландыру көзінің өзгеруіне байланысты шарттарға қол қою талап етілмеді.

Сонымен қатар бұл мәселе жүйелі деңгейде шешілді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексіне енгізілген түзетулер күшіне енді. Оған сәйкес мемлекеттік инвестициялар есебінен жасалған сәулет және қала құрылысы туындыларына мүліктік құқықтар уәкілетті органға және мемлекеттік сараптама ұйымына тиесілі. Енді мұндай жобалар авторлық шарттарға қол қоймастан автоматты түрде жобалар банкіне түсіп отырады.
 
Саланың нормативтік-техникалық базасы да өзектілендірілді. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтарын қалыптастыру және жүргізу қағидалары жаңа редакцияда бекітілді. Сондай-ақ «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-мен бірлесіп қолданыстағы каталогтарға енгізілген нормативтік-техникалық құжаттардың өзектілігіне талдау жүргізілді. Нәтижесінде энергетика, өрт қауіпсіздігі, жолқұрылысы, авиация, телекоммуникациялар және басқа да салаларды қамтитын 20 жылдан астам уақыт бұрын әзірленген 455 құжаттың ішінен 386 ескірген құжат алып тасталды, ал 69-ы баламасы жоқ әрі қолданыстағы құжат ретінде сақталды.

Осылайша, Жоғары аудиторлық палата тапсырмаларының орындалуы құрылыста баға белгілеудің құқықтық және әдіснамалық базасын кешенді түрде жаңартуға мүмкіндік беріп, жобалау мен құрылысқа бағытталатын бюджет қаражатын анағұрлым ашық әрі тиімді пайдалануға жағдай жасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/1283579?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version