Академиялық алмасудан бірлескен зерттеулерге дейін: Қазақстан мен Қытай ғылыми серіктестікті дамытып келеді
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбектің Қытайдың ғылым және техника қауымдастығының (CAST – China Association for Science and Technology) атқарушы президенті Цзюнькэ Хэ бастаған делегациясымен кездесуі өтті.
Кездесуге ҚХР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Қытайдың ғылым және техника қауымдастығының Оқыту және кадрлармен жұмыс орталығының директоры Шужуй Ван, ҚХР Шэньси провинциясының ғылым және техника қауымдастығының атқарушы президенті Ли Юйци қатысты.
Кездесу барысында Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім беру және ғылым жүйесін одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып жатқан негізгі реформалар туралы айтып берді. Сонымен қатар Орталық Азияда халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды алаңға айналуы мүмкін білім беру орталығын құру перспективаларына ерекше назар аударылды.
Қытай делегациясының басшысы өз кезегінде Қытайдың ғылым және техника қауымдастығының қызметі мен негізгі жобаларын таныстырды. CAST – Қытай ғалымдары мен инженерлерін біріктіретін коммерциялық емес үкіметтік емес ұйым. Қазіргі уақытта қауымдастық және оның құрамындағы ұйымдар 250-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық ұйымның мүшесі.
Келіссөздер барысында тараптар Министрлік пен CAST арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, академиялық алмасуға жәрдемдесу, ғылыми-техникалық салада бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ ғылымды танымал ету, ғылыми білім беруді дамыту және халықтың ғылыми сауаттылық деңгейін арттыру бағыттарындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Сонымен қатар ғылыми-гуманитарлық алмасу саласында бірлескен уағдаластықтарды әзірлеу және екі елдің ғалымдары, зерттеушілері мен мамандары арасындағы кәсіби және академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Саясат Нұрбек өзара ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, жасанды интеллект, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру және инженерия саласында кадрлар даярлау бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін пысықтауды ұсынды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1284563?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау