Жуалы ауданындағы білім беру саласының қарашаңырағына айналған Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназиясында жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауына арналған салтанатты жиын өтті.
Білім күніне арналған тағылымды шараға Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза арнайы қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде білімнің – ел болашағын қалыптастыратын басты құндылықтардың бірі екенін атап өтіп, ұстаздарға шығармашылық табыс, ал оқушыларға сапалы білім мен биік жетістіктер тіледі.
Салтанатты жиынға аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мамытбеков те қатысып, ұстаздар мен оқушыларға жүрекжарды тілегін жеткізді. Ол жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен тәрбиесі қатар жүретін маңызды міндет екенін атап, оқушыларды тәртіптілікке, жауапкершілікке және Отанға деген сүйіспеншілікке үндеді.
Мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов жаңа оқу жылының басталуымен барша ұстаздар қауымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтап, білім ордасының алдағы оқу жылындағы мақсат-міндеттеріне тоқталды.
Шара барысында мектептің жоғары сынып оқушылары да ерекше бастама көтерді. 11-сынып оқушылары мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып бүлдіршіндеріне арнайы тақталар тарту етіп, оларға өздерінің ізгі тілектерін білдірді. Бұл – үлкен сынып оқушыларының кішілерге деген қамқорлығын көрсетіп қана қоймай, мектептегі сабақтастық пен ізгі дәстүрдің жалғасын тапқанын аңғартатын әсерлі сәт болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/1284276?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау