«Астана Балет» XIV театр маусымын «Қос кілем» қойылымымен ашты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Астана Балет» театры XIV театр маусымын «Қос кілем» спектаклімен ашты. Ал 5 қыркүйекте «Blind Forgiveness» рок-балеті сахналанады. Алдағы уақытта театр ұжымы Аустрияға гастрольмен барып, қос қойылымды шетелдік көрерменге таныстырады.

«Қос кілем» спектаклі Ширван кілемі туралы көне әзербайжан аңызының желісіне негізделген. Қойылымда дәстүрлі кілем тоқу өнері оқиғаның маңызды бөлігіне айналып, ондағы ою-өрнектерге символдық мән берілген. Кілемдегі әрбір өрнек адам тағдырының, сезімі мен басынан өткерген сынағының ізін бейнелейді.

Қойылымның негізінде жастық шақта басталып, соғыс, айырылысу мен ауыр жоғалтулардың сынынан өткен махаббат хикаясы жатыр. Жылдар мен арақашықтыққа қарамастан, кейіпкерлер бір-біріне деген сезімін сақтап, қайта қауышудан үміт үзбейді. Олардың тағдыры арқылы махаббат, адалдық және қиындыққа мойымау секілді тақырыптар ашылады.

Либретто авторы – Валерий Копейкин. Режиссер әрі хореограф Александр Могилёв көне аңызды заманауи сахна тілімен жеткізіп, классикалық пластика мен қазіргі хореографияны үйлестірген. Би арқылы кейіпкерлердің болмысы ашылып, қойылымның негізгі оқиғалары баяндалады.

Жаңа маусымның бағдарламасы 5 қыркүйекте «Blind Forgiveness» рок-балетімен жалғасады. Қойылымда заманауи хореография, драматургия мен рок-музыка үйлесім тапқан.

Астанадағы көрсетілімдерден кейін театр халықаралық гастролін жалғастырады. Аустрияда «Астана Балет» шетелдік көрерменге «Қос кілем» және «Blind Forgiveness» қойылымдарын ұсынады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1284638?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version