Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Жетісу облысының полициясы ата-аналарды балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.
Биыл бірінші сынып оқушысының ата-анасы атанған полиция қызметкері өз тәжірибесімен бөлісіп, балаға қауіпсіздік ережелерін үйрету ең алдымен отбасынан басталатынын атап өтті.
«Биыл мен үшін ерекше жыл. Себебі мен де бірінші сынып оқушысының ата-анасымын. Баламның мектепке алғаш қадам басуы – үлкен қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Полиция қызметкері ретінде балалардың жолдағы қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Сондықтан баламмен бірге мектепке баратын қауіпсіз бағытты бірнеше рет жүріп өтіп, жолдан қай жерден және қалай дұрыс өту керектігін түсіндірдім. Сөмкесі мен сырт киіміне жарық шағылыстыратын элементтер тақтық. Бұл – қарапайым ғана шара болғанымен, жүргізушінің баланы жолда ертерек байқауына көмектеседі», – деді полиция қызметкері.
Тәртіп сақшылары балаға қауіпсіздік ережелерін бір рет түсіндіру жеткіліксіз екенін еске салады. Оларды үнемі қайталап, жолдан қауіпсіз өту, бағдаршам сигналдарын сақтау және жолдың жүріс бөлігіне жақын жерде мұқият болу дағдыларын қалыптастыру қажет. Ең бастысы – ата-аналардың өздері жол қозғалысы ережелерін сақтап, балаларына дұрыс үлгі көрсетуі.
Балаларды автокөлікте тасымалдау кезінде де қауіпсіздікке ерекше назар аудару қажет. Баланың жасына және бойына сәйкес келетін балаларға арналған арнайы ұстау құрылғыларын пайдаланып, оларды көлік салонына дұрыс бекіту және баланы қауіпсіздік белдігімен міндетті түрде тағу керек.
Жетісу облысының полициясы ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Бала қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Ал оның негізі отбасынан басталады. Себебі балалар ата-анасының сөзінен ғана емес, ең алдымен олардың іс-әрекетінен үйренеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-kyzylbalyk/press/news/details/1284590?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау