Білім күні полициямен бірге: ШҚО мектептерінде құқықтық тәртіп сабақтары өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Білім күні полициямен бірге: ШҚО мектептерінде құқықтық тәртіп сабақтары өтті

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің басшылығы қала мектептеріне барып, оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік тақырыптарында сабақтар өткізді.

ШҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков мерекелік шараға қатысушыларға арнап сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді. Ол жастардың алдында тұрған маңызды таңдауларға — мамандық, орта, іс-әрекет және болашаққа қатысты шешімдерге тоқталды.

— Елдің болашағы — бүгін қабылдап жатқан шешімдеріңізден басталады. Нағыз жауапкершілік — дұрыс шешім қабылдап, өз таңдауыңа адал бола білу, — деді облыстың бас полицейі.

Ол оқушыларды білім алып, дамуға берілген заманауи мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, сонымен қатар интернетте барынша сақ болуға шақырды. Полиция генерал-майоры «оңай ақша табу» туралы ұсыныстардан сақ болу жайлы да ескертті. Мәселен, «бір-екі сағатқа курьер болып ақша тап», «ақшаңды бірден аласың», «алып кет те, жеткізіп бер» деген сияқты ұсыныстардың арты үлкен мәселеге әкелуі мүмкін. Сырттай қарағанда қарапайым көрінетін мұндай ұсыныстардың артында, соның ішінде заңсыз әрекетке тарту сияқты, ауыр салдар болуы ғажап емес.

— Уақытында «жоқ» деп айта білу, ақпаратты тексеру және мәні түсіндірілмеген тапсырмаларды орындауға келіспеу маңызды, — деп атап өтті Ерлан Омарбеков.

Мерекелік шараларға ШҚО ПД бастығының орынбасарлары полиция полковниктері Рифхат Тауфиков пен Серік Манапов та қатысты. Олар оқушылармен кездесіп, қауіпсіздік, жауапкершілік және заң мен тәртіпті сақтау мәселелері туралы әңгімелесті.

Бірінші сынып оқушылары да назардан тыс қалған жоқ. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге полиция қызметкерлері «Полиция және балалар» атты ІІМ-нің көркем бояу кітапшаларын табыстады. Олар балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын қарапайым әрі түсінікті түрде таныстыруға көмектеседі.

Бұл күні мектеп оқушыларының қауіпсіздігі полицияның ерекше бақылауында болды. Оқу орындарының маңында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдік нарядтардың жұмысы күшейтіліп, Жедел басқару орталығының операторлары мектептерге іргелес аумақтарды бейнебақылау арқылы қадағалады.

Жаңа оқу жылы — жаңа білім, жоспарлар мен мүмкіндіктердің кезеңі. Ең бастысы — оларды тиімді пайдаланып, қабылдаған шешімдеріңе жауапкершілікпен қарап, лайықты болашаққа бастайтын жолды таңдай білу.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1284055?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version