Шымкентте 1 қыркүйек – Білім күніне орай, қалалық Жастар саясаты басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы «City park» саябағында мерекелік кеш ұйымдастырды.
Кештің басты мақсаты – жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, кәсіби және тұлғалық дамуына бағыт беру. Бұл туралы Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман айтты.
—Жастардың өз болашағын жоспарлауына, қажетті дағдыларды қалыптастыруына және мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына бағыт-бағдар беру үшін арнайы спикерлерді шақырдық, – деді Жансерік Жұман.
Арнайы шақырылған кәсіби бағдар беруші мамандар Жасұлан Қуандық пен Ақан Беспаев мамандық таңдауда ескерілетін мәселелерге тоқталды. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Жасұлан Қуандық «Дағды білімнен маңызды» тақырыбында жастармен пікір алмасты. Ол қазіргі еңбек нарығында дипломмен қатар, алған білімді тәжірибеде қолдана білу, коммуникация, сыни ойлау және басқа да практикалық дағдылардың маңыздылығына тоқталды. Жастарды өз саласында үздіксіз ізденіп, жаңа қабілеттерді меңгеруге шақырды.
Басқосуда ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткен С.Нұрмағамбетов атындағы № 72 мектептің түлегі Аделя Мұрат та өз тәжірибесімен бөлісті. Ол Ұлттық бірыңғай тестілеуден 125 балл жинап, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына «Жалпы медицина» мамандығына оқуға түскен. Болашақта көз дәрігері болуды мақсат еткен Аделя жастарға дайындықты ерте бастап, уақытты тиімді жоспарлауға және таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарауға кеңес берді.
Кештің концерттік бөлігінде өнерпаздар ән орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Акрам Ирисметов пен Нұрбахыт Ерман дәстүрлі әннен шашу шашса, Диана Абдуллаева «Туған жер», Дана Әлішер «Құс жолы» әндерін орындады. Ал Қуаныш Әбжапбар «Кездесер» және «Іңкәрім-ай» әндерін шырқап, көпшілікке мерекелік әсер сыйлады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1284257?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау