КЕНТАУДА САҚ МӘУЛЕНҚҰЛОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ БЮСТЫ ОРНАТЫЛДЫ
Кентау қаласының қалыптасуы мен өндірістік әлеуетінің артуына өлшеусіз үлес қосқан, есімі кен өндірісі тарихында айрықша орын алатын мемлекет және өндіріс қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерінің, I, II, III дәрежелі «Кенші Даңқы» төсбелгілерінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті кеншісі, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Кентау қаласының Құрметті азаматы Сақ Мәуленқұловтың туғанына 100 жыл толуына арналған тағылымды шаралар өтті.
Мерейтой аясында қалаға кіреберістегі көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне Сақ Мәуленқұловтың бейнесі бейнеленген мурал көпшілікке таныстырылды.
Бұл – Кентаудың тарихында өшпес із қалдырған ардақты тұлғаның есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатындағы маңызды бастамалардың бірі. Қаланың көрнекті нысандарының біріне айналған мурал арқылы кенші ардагердің жарқын бейнесі Кентау тұрғындары мен қала қонақтарының жадында мәңгі сақталмақ.
Сақ Мәуленқұлов – саналы ғұмырын Кентаудың өндірістік дамуына, кен өндірісінің өркендеуіне және ел игілігіне арнаған білікті маман әрі іскер басшы. Оның еңбек жолы кәсібіне адалдықтың, табандылықтың, жауапкершіліктің және елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
Мерейтойлық шара Сақ Мәуленқұловтың бюстын орнату рәсімімен жалғасты.
Өткен жылы ашылған арнайы аллеяға көрнекті кенші, мемлекет және өндіріс қайраткері Сақ Мәуленқұловтың еңселі бюсты орнатылды. Бюсты орнату тұлғаның ел тарихындағы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Бюсты орнату рәсіміне қала басшылығы, ардагер кеншілер, зиялы қауым өкілдері, Сақ Мәуленқұловтың замандастары мен ұрпақтары, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Сақ Мәуленқұловтың ел дамуына, әсіресе Кентау қаласының қалыптасуы мен кен өндірісінің өркендеуіне қосқан айрықша үлесіне тоқталды.
“Сақ Мәуленқұловтың ғибратты ғұмыры, кейінгі буынға үлгі боларлық үлкен мектеп. Ол өз дәуірінде Кентаудың өндірістік қуатын арттыруға, кеншілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қаланың дамуына зор еңбек сіңірді. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – осындай елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі жолын дәріптеп, есімін ұлықтау. Бұл ескерткіш бір адамның ғана емес, Кентаудың өндірістік тарихын жасаған барша кенші қауымына көрсетілген құрмет”,– деді қала әкімі.
Сондай-ақ шара барысында Сақ Мәуленқұловтың замандастары мен әріптестері естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілік қасиеті, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті туралы жылы лебіздерін білдірді.
Тағлымды шара еңбек адамының бюстына гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласты.
Сақ Мәуленқұловтың өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегі Кентаудың тарихымен бірге жасай бермек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1284464?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау