Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы елшісі Джули Стаффтпен кездесті.
Кездесуге АҚШ делегациясының өкілдері, оның ішінде АҚШ Энергетика министрлігінің Астанадағы елшіліктегі кеңсесінен Виктория Санчез және АҚШ елшілігінің DTRA қауіп-қатерлерді азайту жөніндегі кеңсесінің өкілі Джордан Сеймур қатысты.
Кездесу барысында Абай облысы мен АҚШ арасында ынтымақтастықты дамыту, экономикалық-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтіп, өңірдің әлеуетіне, инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, аймақта шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
«Қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас Орталық Азиядағы маңызды, үлкен стратегиялық әріптестіктердің біріне айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін атап өтті. Бұл екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктік одан әрі нығайып келе жатқанын көрсетеді. Екі елдің стратегиялық әріптестігінің маңызды әрі тарихи бағыты – ядролық қарусыздандыру және оны таратпау саласындағы ынтымақтастық. Бүгінде Семей полигоны екі елдің ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастықтың халықаралық деңгейде мойындалған символына айналды. Биыл Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. Қырық жылға жуық уақытқа созылған ядролық сынақтардан жергілікті халық зардап шекті. Кешегі күні ядролық сынақтардың алаңына айналған Курчатов қаласы бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ғылым қалашығы ретінде қалыптасуға қадам басып келеді. Біздің өңірге қызығушылық танытып арнайы келгеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Жаңадан құрылған Абай облысы барлық салада ынтымақтастыққа дайын», – деді Берік Уәли.
Елшінің өңірімізге сапары Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Француздық тарап Абай облысымен әртүрлі салада байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
«Бұл – менің Семейге, Абай облысына алғаш келуім. Жылы қабылдауыңызға алғыс білдіремін. Өзіңіз атап өткендей, екі жақты ынтымастыққа мүмкіндіктер мол. Кәсіпкерлік саласында, білім саласында серіктестік орнатуға болады. Әртүрлі бағдарламалар бар. Біз ертең Курчатов қаласына барамыз. Бұған дейін қалыптасқан ынтымақтастықты жоғары деңгейде жалғастырып, ары қарай дамыту үшін арнайы келіп отырмыз. Бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз»,– деді Джули Стаффт.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1284624?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау