Қазақстан мен Кувейт су қауіпсіздігі саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Әл-Кувейт, 2026 жылғы 2 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт ғылыми зерттеулер институтының (Kuwait Institute for Scientific Research, KISR) Бас директоры Файсал Әл-Хумайданмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын, оның ішінде су қауіпсіздігі саласында KISR мен Қазақстанның бейінді ғылыми-зерттеу институттары және ұйымдары арасында тікелей байланыстар орнату мәселелерін қарастырды.

Тараптар су ресурстарын ұтымды пайдалану және басқару саласындағы ғылыми әзірлемелер мен практикалық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін, соның ішінде Қазақстанның трансшекаралық су ресурстарын басқару және ұтымды пайдалану мәселелері бойынша көршілес мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасауда жинақтаған тәжірибесін талқылады.

Осы тұрғыда Елші Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы хабардар етті. Кувейт тарапы аталған бастамаға қызығушылық танытып, су қауіпсіздігі мәселелерінің өзектілігін және осы бағыттағы халықаралық күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар мұнай өңдеу, мұнай-химия және озық технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа назар аударылды. Тараптар мұнайды терең өңдеу, сутегі технологиялары мен озық материалдар, оның ішінде «жасыл» сутегі, сондай-ақ асфальтендерді өңдеу арқылы графен және басқа да көміртекті материалдар алу салаларында бірлескен зерттеулер жүргізу және технологиялар алмасу перспективаларын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында тікелей байланыстарды дамытуға өзара мүдделілігін растады және ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен бірлескен жобаларды одан әрі пысықтауға уағдаласты.

Кувейт ғылыми зерттеулер институты (KISR) 1967 жылы құрылған және Кувейттің жетекші мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемесі болып табылады. Институт қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіп, мемлекеттік және жеке секторларға ғылыми-техникалық қолдау көрсетеді. KISR-де шамамен 1,4 мың адам жұмыс істейді, оның ішінде 580-нен астамы – зерттеушілер мен инженерлер. Институт қызметі төрт негізгі бағытты қамтиды: мұнай және су саласындағы зерттеулер, энергетика және құрылыс, сондай-ақ қоршаған орта.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1284369?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version