Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Алтынемел ауылында 252-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының салтанатты ашылуы өтті. Өрт сөндіру бекеті Алтынемел, Ақбастау, Қарлығаш, Байғазы, Қызылмектеп және Тастыбастау атты алты елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ауылдарда 2 220 адам тұрады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, аудан әкімі Жанат Жүнісбеков, сондай-ақ Жетісу облысы ТЖД гарнизонының басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынған. Онда тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті жағдай жасалған. Бекет ғимаратында өрт сөндіру автокөлігіне арналған бокс, демалыс бөлмесі, ас үй, жуыну бөлмесі және жылыту жүйесі қарастырылған. Қызмет атқаратын мамандар жасақталып, олар ТЖД-де тиісті дайындықтан өткен. ТЖМ бекетті өрт сөндіруге қажетті құралдармен, жабдықтармен және өрт сөндіру автоцистернасымен қамтамасыз етті.
Іс-шара барысында халықты қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Жаңа нысан Кербұлақ ауданындағы өрт қауіпсіздігін күшейтудегі маңызды қадам болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1284036?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау