2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда ҚР СТ «Ғылыми зерттеулер және оларды өндіріске қою. Жұмыстарды жүргізуге, есептердің құрылымы мен рәсімделуіне қойылатын жалпы талаптар» ұлттық стандарты күшіне енеді.
Жаңа стандарт ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу тәсілдерін жаңғыртуға, ғылыми қызметтің тиімділігін арттыруға және ғылыми нәтиже алудан оны тәжірибеде қолдану мен коммерцияландыруға дәйекті түрде көшуді қалыптастыруға бағытталған.
«Стандарттың негізгі бағыттарының бірі ғылыми зерттеулерді цифрландыру болып табылады. Құжат өтпелі цифрлық технологияларды, жасанды интеллект құралдарын, патенттік аналитика мен цифрлық егіздерді қолданудың нормативтік негізін қалыптастырады, сондай-ақ ғылыми деректердің ашықтығы мен қайта қолданылуының халықаралық FAIR қағидаттарын сақтауды көздейді», – деп атап өтті ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.
Маңызды жаңалықтардың бірі – зерттеу нәтижелерінің жетілуін бағалаудың сараланған шкалаларын енгізу. Технологиялық әзірлемелер үшін 1-ден 9-ға дейінгі TRL шкаласын, әлеуметтік жобалар үшін – 1-ден 9-ға дейінгі SRL шкаласын, ал іргелі зерттеулер үшін KRL қолдану көзделеді. Бұл тәсіл ғылыми қызметтің тиісті бағытының ерекшеліктерін ескере отырып, нәтижелерді бағалауға мүмкіндік береді.
Стандартта ғалымдардың академиялық еркіндігін қорғауға ерекше назар аударылған. Егер зерттеу бекітілген әдістемеге сәйкес жүргізілсе, алынған теріс нәтиже ғылыми жетістік болып танылады және қаржылық санкциялар қолдану үшін негіз болып табылмайды. Мұндай тәсіл зерттеушілерге қысым көрсету тәуекелдерін төмендетуге және ғылыми негізделген зерттеулерді, соның ішінде нәтижелері бастапқы гипотезаны растамаған зерттеулерді жүргізу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Медицина саласында зерттеулер жүргізу кезінде стандарт денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптарының және тиісті GLP, GCP және GMP тәжірибелерінің басымдығын да көздейді. Сонымен қатар, есеп беру құжаттамасын антиплагиатқа тексеру шегі белгіленеді – кемінде 50 пайыз.
Осылайша, жаңа ұлттық стандарт цифрлық трансформацияны, ғылыми нәтижелердің жетілуін бағалаудың халықаралық тәсілдерін, академиялық еркіндікті қорғауды және зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдануға бағдарлануды үйлестіре отырып, Қазақстанда ғылыми-зерттеу қызметін дамыту үшін заманауи нормативтік негіз жасайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1284162?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау