ШҚО-да 5 мыңнан астам оқушы мен студент полиция қызметкерлерімен кездесті
Шығыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылы салтанатты жиындармен ғана емес, профилактикалық кездесулермен де басталды. 1 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласындағы жастармен кездесті. Жалпы іс-шараларға 5 мыңнан астам адам қамтылды.
№35 және №36 мектептерде полицейлер салтанатты жиындарға қатысса, қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждерде жастармен тақырыптық кездесулер өтті. Жастар алдында басқарма қызметкерлері мен басшылығы сөз сөйледі.
Кездесулер барысында есірткіні қолданудың, сақтаудың және таратудың салдары, сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы айтылды. Әсіресе синтетикалық есірткілердің қауіптілігіне, жастарды интернет пен әлеуметтік желілер арқылы қылмыстық әрекетке тарту тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушыларға есірткі қолданудың салдары туралы бейнематериалдар мен презентациялар көрсетіліп, «Заң мен тәртіп» қағидаты және әр адамның өз таңдауы мен әрекетіне жауапкершілігі түсіндірілді.
Білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Басқарма қызметкерлері есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында жастармен және ата-аналармен жүйелі түрде кездесулер өткізеді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жастарды интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға және әр таңдаудың салдары болатынын есте ұстауға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1284066?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау