Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №51 мекемесіне бардым. Сапар барысында сотталғандар құқықтарының сақталуы, оларды ұстау жағдайлары, медициналық қамтамасыз ету және еңбек қызметін ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Жасақтардың тұрғын және коммуналдық-тұрмыстық үй-жайлары тексерілді. Сотталғандармен материалдық-тұрмыстық жағдайлар, температуралық режим, жылыту жүйесі мен жарықтандырудың жұмысы мәселелері бойынша әңгімелесу жүргізілді. Сондай-ақ таксофондармен жабдықталған бөлмелер тексерілді. Туыстарымен байланысты қамтамасыз ету үшін бейнеқоңырауларды пайдалану тәртібі қаралды.
Қатаң ұстау жағдайындағы жасақта, тәртіптік изоляторда және қауіпсіз жерде орналасқан адамдардың ұстау жағдайларына ерекше назар аударылды. Үй-жайлардың санитариялық жай-күйі, белгіленген аудан нормаларының сақталуы және бейнебақылау жүйелерінің жұмысы, оның ішінде бейнебақылау жүргізілмейтін учаскелердің болуы зерделенді.
Өндірістік аймақта цехтер мен жұмыс орындары тексерілді. Жұмысқа орналастыру, еңбек қатынастарын ресімдеу, жұмыс уақытының ұзақтығы және еңбекақыны уақтылы төлеу мәселелері қаралды. Қазіргі уақытта мекеменің өндірісінде 380 сотталған еңбекпен қамтылған.
Асхана мен тамақ блогында санитариялық жай-күйге, азық-түлікті сақтау жағдайларына, тамақтануды ұйымдастыруға және ауызсу режимінің сақталуына назар аударылды. Сондай-ақ өтініштер беру және өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі туралы ақпарат алу үшін орнатылған терминалдар тексерілді.
Медициналық бөлімде қызметкерлермен әңгімелесу жүргізілді. Медициналық бөлімнің кадрлармен жасақталуы, алғашқы және мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастыру, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, дәрілік препараттарды сақтау және есепке алу мәселелері қаралды. Сотталғандармен әңгімелесу барысында медициналық көмектің уақтылы көрсетілуіне қатысты өтініштер келіп түсті.
Мониторинг Қазақстан Республикасының Конституциясын және қылмыстық-атқару заңнамасын қоса алғанда, ұлттық заңнама талаптарын, сондай-ақ бас бостандығынан айырылған адамдарға қатысты халықаралық стандарттарды, оның ішінде Нельсон Мандела қағидалары мен БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясының ережелерін ескере отырып жүргізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-sko-oblysy/press/news/details/1284229?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау