Сырым ауданының білім беру ұйымдары педагогтары мен басшы кадрларының тамыз жиыны өтті.
27–28 тамыз күндері Қ.Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін мектепте өткен тамыз жиынының мақсаты – педагогке дайын ақпарат берумен шектелмей, жаңа оқу жылындағы өзгерістерді түсіндіру, тәжірибені тарату, жасанды интеллект мүмкіндіктерін педагогикалық мақсатта пайдалану және білім сапасына бағытталған әдістемелік шешімдер ұсыну болды.
Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі тек пәндік біліммен өлшенбейді. Мектеп педагогінен талап етілетін құзірет – алдында отырған оқушыға сапалы білім беру үрдісінде оқу мақсатын нақты қоя білуі, тиімді тапсырма құрастыруы, бағалауды дұрыс ұйымдастыруы, оқушының функционалдық сауаттылығын дамытуы және цифрлық технологияларды орынды қолдану.
Осы тұрғыдан алғанда, секция жұмыстарының мазмұны жаңа оқу жылының нақты сұраныстарын қамтыды.
Бастауыш сынып мұғалімдері қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, жаратылыстану және дүниетану сабақтарында жасанды интеллектіні қолдану арқылы тапсырма әзірлеу, саралау, шығармашылық қабілетті дамыту және критериалды бағалау мәселелерін қарастырды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні секциясында ЖИ-ді тиімді пайдалану, функционалдық сауаттылықты арттыру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, педагогикалық әдеп және «мақсат–тапсырма–бағалау» арасындағы конструктивті сәйкестік мәселелері қозғалды.
Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері жаңа оқу жылындағы басым міндеттер мен білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктерін, жасанды интеллект көмегімен оқушылардың функционалдық сауаттылығын және тілдік құзыреттілігін дамыту, сабақты тиімді жоспарлау, оқу мақсаттарын нақтылау, бағалау критерийлері мен нәтижеге бағытталған тапсырмалар әзірлеу, сондай-ақ оқыту үдерісіне құндылықтарды кіріктірудің заманауи тәсілдерін қарастырды.
Ағылшын тілі пәні мұғалімдері жаңа оқу жылындағы оқу процесін ұйымдастырудың негізгі талаптары мен ерекшеліктерін, жасанды интеллект құралдары арқылы тыңдалым дағдысын дамыту, тиімді сабақ жоспарын құрастыру, оқу мақсаттарын нақтылау, бағалау критерийлерін әзірлеу және цифрлық платформалар мен ЖИ мүмкіндіктерін пайдалана отырып тиімді сабақ құрастырудың практикалық тәсілдерін ортаға салды.
Тарих пәндері мұғалімдері 2026–2027 оқу жылындағы жаңартуларды, тарих және құқық пәндеріндегі мазмұндық өзгерістерді, «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп», «Жеке қауіпсіздік» курстарын оқыту бойынша әдістемелік ұсынымдарды, олимпиадаға оқушыларды дайындаудың тиімді жолдарын және педагогтерді аттестаттаудың жаңа талаптары мен «Ұстаз» платформасында жұмыс істеу дағдыларын қарастырды.
Жаратылыстану бағытындағы пәндерде жасанды интеллект тек теориялық тақырып ретінде емес, нақты педагогикалық құрал ретінде қарастырылды. Биологияда – ЖИ зертханасы мен симуляциялық оқыту, химияда – химиялық процестерді модельдеу, географияда – интерактивті оқу ортасын құру сияқты практикалық бағыттар ұсынылды.
Математика мен физика секцияларында мұғалім құзыреттілігі, алдағы бағдарламалық өзгерістер, құндылыққа негізделген оқыту және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні сабақта тиімді қолдану мәселелері талқыланды.
Ал басшы кадрлар секциясында мәселе басқа қырынан қойылды: «Бір мақсат – бір команда – бір нәтиже». Себебі мектептегі білім сапасы тек жеке мұғалімнің еңбегімен емес, тұтас мектеп командасының бірлескен әрекетімен қалыптасады.
Басшылар үшін жаңа оқу жылының ерекшеліктері, командалық жұмыстың білім сапасына әсері, педагогтерді аттестаттаудың жаңартылған талаптары және «Ұстаз» платформасында жұмыс істеу дағдылары қарастырылды.
Тамыз жиынының бір құндылығы – секцияларда аудан мектептерінің педагогтері өздерінің тәжірибелерімен бөліседі. Бір мектепте тиімді қолданылған әдіс екінші мектепке жаңа мүмкіндік беруі мүмкін. Бір мұғалімнің тәжірибесі жүздеген әріптесіне идея бола алады.
Сондықтан әдістемелік жұмыстың негізгі бағытының бірі – «тәжірибені жинақтау – зерделеу – тарату – нәтижеге енгізу» болуы қажет. Сонымен қатар барлық әдістемелік жұмыстың соңғы нүктесі білім сапасы болуы тиіс.
ЖИ де, цифрлық платформа да, жаңа әдіс те, заманауи технология да – өздігінен нәтиже емес. Нәтиже – оқушының өзгеруі.
Оның оқылымы жақсарды ма?
Функционалдық сауаттылығы артты ма?
Өз ойын еркін жеткізе ала ма?
Талдау, салыстыру, дәлелдеу дағдылары қалыптасты ма?
Өз бетімен білім алуға қабілеті артты ма?
Міне, әдістемелік жұмыстың шынайы өлшемі – осы.
Сондықтан 2026–2027 оқу жылында Сырым ауданының әдістемелік қызметі үшін негізгі ұстаным – «іс-шара өткізілді» деген есеп емес, «педагогтің тәжірибесінде не өзгерді, ал ол өзгеріс оқушы нәтижесіне қалай әсер етті?» деген сұрақ болуы тиіс.
Тамыз жиыны – педагогтің кәсіби дамуын, мектептің командалық әлеуетін, цифрлық мүмкіндіктерді және ұлттық құндылықтарды бір арнаға тоғыстыра отырып, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ортақ кәсіби қозғалыс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilim-syrym/press/news/details/1284247?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау