Ұлытау облысының Жезқазған қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ұлытау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл саясаты: ғылым және креативті индустрия» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңес Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында берген тапсырмасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Семинар-кеңестің мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ғылым, білім, IT және креативті индустрия салаларында қазақ тілді контенттің үлесін арттыру және қазақ тілін цифрландыру мәселелерін талқылау.
Семинар-кеңес жұмысына облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қаларындағы тіл мәселесіне жауапты басқармалардың жауапты қызметкерлері, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, ұлттық компаниялардың (акционерлік қоғамдардың) өкілдері, Ұлытау облысының аудан (қала) әкімдіктерінің тілдерді дамыту мәселесіне жауапты мамандары қатысты.
Семинар-кеңес барысында:
- қатысушылар «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы даладан бастау алған өнер» атты панорамалық көрмені тамашалады.
- TED форматындағы ойталқы аясында белгілі ғалымдар, сарапшылар және жоба авторлары (Серікқали Байменше, Бауыржан Есенжолов, Мақпал Жұмабай, Алтынай Есенжанова, Базаркүл Үмбетова, Аркадий Побединский) баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
- семинар-кеңес аясында Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық мұражайында тіл заңнамасының сақталуы, мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары мен тіл саясатын дамытудың өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасу секциясы ұйымдастырылды.
Жиын соңында қатысушыларға марапаттар табысталып, мемлекеттік тіл саясатын ілгерілетуге бағытталған арнайы қарар қабылданды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1284514?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау