Ұлттық статистика бюросы Росстат делегациясын қабылдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы Ресей Федерациясының Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің (Росстат) бейінді басқармаларының басшылары бастаған делегациясын қабылдады. Екі күндік жұмыс сапары 2025-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы аясында өтті.

Кездесулер барысында кадрлық әлеует пен корпоративтік мәдениетті дамыту, ресми статистиканы танымал ету және статистикалық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ статистикалық деректердің сапасын қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіру мәселелеріне баса назар аударылды.

Жұмыс кездесуін аша отырып, Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Фархат Қалиев екі статистика ведомствосы арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз статистика ведомстволары арасында қалыптасқан кәсіби диалогты, тәжірибе алмасуға деген ашықтықты және практикалық шешімдермен бөлісуге дайындықты жоғары бағалаймыз. Мұндай кездесулер тек білім мен озық тәжірибелер алмасуға ғана емес, сондай-ақ ұжымдарымыз арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Фархат Қалиев.

Сапар аясындағы жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізілді.

Бірінші бағыт кадрлық әлеует пен корпоративтік мәдениетті дамытуға арналған. Тараптар кәсіби құзыреттерді дамыту, тиімді командаларды қалыптастыру және қызметкерлердің кәсіби өсуіне қатысты тәсілдерді талқылады.

Екінші бағыт – ресми статистиканы қоғамға кеңінен таныстыру және халықтың статистикалық сауаттылығын арттыру. Кездесу барысында деректерді пайдаланушылармен байланыс орнату, ақпаратты тиімді жеткізу және статистикалық мәліметтерді тарату бағытындағы тәжірибелер талқыланды.

Үшінші әрі негізгі бағыт ресми статистикалық деректердің сапасын қамтамасыз етуге арналған. Тараптар сапаны басқару тәсілдерін қарастырып, тиісті процестерді жетілдіру бойынша практикалық шешімдермен алмасты. 

Бюро мен Росстат арасындағы ынтымақтастық жүйелі сипатқа ие. Жол картасын іске асыру шеңберінде екі ведомствоның мамандары еңбекақы статистикасы, ауыл шаруашылығы санағын өткізу, құрылыстағы баға индексін қалыптастыру, халықтың тұрмыс деңгейі көрсеткіштері және басқа да бағыттар бойынша бірқатар онлайн-консультациялар мен жұмыс кездесулерін өткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы екі жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын нақтылап, ресми статистика саласындағы әдіснамалық тәсілдер мен практикалық шешімдер бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/stat/press/news/details/1284355?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version