Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы зейнетақы активтерін басқару жүйесін кезең-кезеңімен дамытуды көздейді. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен, нарыққа қатысушылармен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.
Реформа аясындағы міндеттердің бірі – институционалдық инвесторлар аясын кеңейту. Олар қазақстандық компаниялардың акциялары мен облигацияларына ұзақ мерзімді сұранысты қалыптастырады, қайталама нарықтың белсенділігін қолдайды және ішкі жинақтардың экономиканы қаржыландыруға бағытталуын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта ұзақ мерзімді капиталдың негізгі көзі зейнетақы активтері болып табылады, олардың көп бөлігі Ұлттық Банктің басқаруында. Басқа институционалдық инвесторлардың қатысуы әзірге шектеулі болып қала береді. Олардың рөлін кеңейту түрлі инвестициялық стратегияларды қолдануға, нарықтың өтімділігін арттыруға және қазақстандық компаниялардың ел ішінде қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ұсынылған өзгерістер қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негіздерін өзгертпейді. Міндетті зейнетақы жарналары бұрынғыдай «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-қа (БЖЗҚ) келіп түседі және салымшылардың жеке шоттарында есепке алынады. Қор зейнетақы жинақтарының есебін жүргізуді және олардың төленуін ұйымдастыруды жалғастырады. Ұлттық Банк зейнетақы активтерін басқару, инвестициялық саясатты қалыптастыру және инвестициялау тиімділігін бағалау жөніндегі функцияларды сақтайды.
Қазіргі уақытта Ұлттық Банк зейнетақы активтерінің 99,7%-ын басқарады. Инвестициялық портфель құрылымында 61% мемлекеттік бағалы қағаздарға, 22,5% корпоративтік облигацияларға, 12% акцияларға тиесілі. Жеке басқарушылардың сенімгерлік басқаруында 88,6 млрд теңге зейнетақы активтері немесе олардың жалпы көлемінің шамамен 0,3%-ы бар. Салымшылардың 2023 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін және ағымдағы жылдан бастап 100%-на дейін бере отырып, жеке басқарушыны таңдау мүмкіндіктерінің кезең-кезеңімен кеңеюіне қарамастан, бұл тетік әлі кеңінен тарамаған.
Қолданыстағы модель орталықтандырылған басқаруды және зейнетақы жинақтары сақталуының жоғары деңгейін қамтамасыз етті. Келесі кезең ретінде басқарушылар аясын кеңейту және түрлі инвестициялық стратегияларды қолдану арқылы олардың ұзақ мерзімді кірістілігін арттыру мүмкіндігі қарастырылады.
Осы мақсатта лицензиясы бар жергілікті инвестициялық портфельді басқарушылардың зейнетақы активтерінің жекелеген инвестициялық мандаттарын басқаруға қатысуын кезең-кезеңімен кеңейту мәселесін қарау ұсынылады. Бұл ретте басқарушыларды конкурстық негізде іріктеп, оларға активтердің жекелеген сыныптарын басқару жөніндегі мандаттар беру көзделеді.
Бірінші кезеңде активтердің неғұрлым сенімді әрі өтімді сыныбы ретінде мемлекеттік бағалы қағаздардың қосалқы портфелін қалыптастыру болжанады. Болашақта қосалқы портфельдер корпоративтік облигациялар мен акциялар бойынша да қалыптастырылуы мүмкін.
Бәсекелестік басқаруды дамыту зейнетақы жинақтарын қорғау тетіктерін күшейтумен қатар жүретін болады. Ұлттық Банк зейнетақы активтерін басқару шарттарын және әрбір басқарушының жұмысын бағалау тәртібін белгілейді.
Зейнетақы активтері басқарушының меншікті қаражатынан және басқа клиенттердің активтерінен бөлек сақталады және әрбір операция тәуелсіз кастодиандық бақылаудан өтеді. Басқарушы банкроттыққа ұшыраған жағдайда да, бұл қаражат қорғалған болып қалады және оның міндеттемелерін өтеу үшін пайдаланыла алмайды.
Зейнетақы активтерін басқарушыларға капиталдың жеткіліктілігіне, тәуекелдерді басқару жүйесіне, ішкі бақылауға және ақпаратты ашуға жоғары талаптар қойылатын болады. Инвестициялық саясат басқарушы тұлғамен байланысты қаржы құралдарына зейнетақы активтерін салуды шектейтін болады. Инвестициялық мандатты бұзу немесе басқарушының жосықсыз әрекеттері салдарынан келтірілген залал өтелуге тиіс болады.
Тағы бір бағыт салымшының жасын ескере отырып инвестициялық стратегияларды енгізу болады. Жас салымшылардың жинақтарын әлеуетті кірістілігі жоғары құралдарға көп мөлшерде инвестициялауға болады. Зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын мұндай құралдардың үлесі азаяды, ал портфель зейнетақы төлемдерін бастамас бұрын жинақтарды нарықтық ауытқулардан қорғау үшін неғұрлым консервативті болады.
Барлық көзделген өзгерістер нәтижелерді және туындайтын тәуекелдерді үнемі бағалай отырып жүйелі түрде және кезең-кезеңмен енгізілетін болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1284232?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау