Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бірлесіп өткізді.
Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Тазалық жұмыстарына Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 30-ға жуық студенті қатысып, қала саябақтарының аумағын қоқыстан тазартуға және абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Жастар қоғамдық орындардың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосып, табиғатты аялаудың маңыздылығын насихаттады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоғамда тазалыққа, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған. Жастардың осындай бастамаларға белсенді қатысуы – Шымкенттің көркеюі мен тазалығына қосылған маңызды үлес.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1284345?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау