Atyrau Oil and Gas University Қытайдың білім беру ұйымдарымен ынтымақтастығын кеңейтеді
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Қытайдың білім беру ұйымдарымен серіктестігін кеңейтіп жатыр. Қытайлық серіктестермен өткен кездесу барысында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылып, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластықтар жасалды. Сондай-ақ өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары айқындалды.
Кездесудің негізгі нәтижелерінің бірі – Atyrau Oil and Gas University, Language and Culture Press және Association of Silk Road Countries Universities and Consulting Companies арасында үшжақты меморандумға қол қойылуы.
Құжат аясында мұнай-газ саласының мамандарын тілдік даярлауға бағытталған «Oil & Gas Chinese» арнайы бағытын бірлесіп әзірлеу көзделген. Ынтымақтастық шеңберінде тараптар техникалық сөздіктер мен салалық глоссарийлер әзірлеуді, қытай тілін үйренуге арналған жасанды интеллект платформаларын енгізуді, сондай-ақ университет ғалымдарының ғылыми еңбектерін Қытайда аударып, жариялауға жәрдемдесуді жоспарлап отыр.
Тағы бір меморандумға Inner Mongolia Vocational College of Chemical Engineering колледжімен қол қойылды. Серіктестік студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын, 2+2 және 3+1 үлгілері бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруды, практикалар мен тағылымдамаларды ұйымдастыруды, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруды қамтиды.
Кездесу барысында Huazhong University өкілдерімен ынтымақтастық орнату перспективаларына да ерекше назар аударылды. Тараптар жоғары білім беру және ғылым салаларындағы ықтимал өзара іс-қимыл бағыттарын, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Қытайдың білім беру ұйымдарымен серіктестікті кеңейту Atyrau Oil and Gas University-дің халықаралық ынтымақтастықты дамыту және білім мен ғылымды интернационалдандыру жөніндегі стратегиялық бағытына сәйкес келеді. Қол жеткізілген уағдаластықтар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және кәсіби тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық университеттің халықаралық білім беру ортасын кеңейтіп, студенттер, оқытушылар мен зерттеушілер үшін жаңа практикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1285073?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау