Атырауда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабының таныстырылымы өтті. Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, басқосуға жетекшілік етті.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, тарихшылар, философтар, әдебиеттанушылар, профессор-оқытушылар мен жастар қатысты. Кездесуде жинақтың мазмұны талқыланып, Мемлекет басшысының әр жылдары айтқан ой-тұжырымдарының қазіргі қоғамдық үдерістермен сабақтастығы айтылды.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бергі баяндамаларда, мақалаларда, сұхбаттар мен кітаптарда айтылған ойлар енгізілген. Еңбекте мемлекеттілікті нығайту, әділеттілік пен заң үстемдігі, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, тарихи сана, мәдениет, тіл мен руханият, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесі секілді маңызды тақырыптар қамтылған.
Жиында Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кітаптың ерекшелігі Президенттің әр жылдары айтқан ойларының өзара сабақтастығын көрсетуінде екенін атап өтті. Оның айтуынша, еңбекте жастарға қатысты ойлардың қамтылуы да маңызды. Себебі елдің ұзақ мерзімді дамуы білімді, еңбекқор әрі жауапты жас буынға байланысты.
Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Әлия Дәулетбаева жинақтағы мәдениет пен ұлттық құндылықтарға қатысты ойларға тоқталды. Ол ұлттық мәдени кодты сақтау өткенді ғана дәріптеу емес, оны заман талабына сай жаңғыртып, кейінгі буынға жеткізу екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, кітаптағы мәдениетке қатысты ойлар жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыру мен рухани құндылықтарды дәріптеуде маңызды.
Басқосуда Атырау облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, қоғам белсендісі Нұрлан Қайрденов және «Жастар рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы да кітапта көтерілген мәселелер жөнінде пікір білдірді.
Жиын соңында облыстағы жастар ресурстық орталықтарының басшыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы табысталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1285135?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау