Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. 1 қыркүйекте басталған науқан 31 желтоқсанға дейін жалғасып, Қарағанды облысынан 1200-ден астам жасты әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.
Әскерге шақыру тәртібі мен соңғы жылдары енгізілген өзгерістер туралы Қарағанды облысының Қорғаныс істері департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
Әскери қызметке 18-ден 27 жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскери қызметтен босату құқығы жоқ ер азаматтар шақырылады. Шақырылушылар Қарулы күштер, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Мемлекеттік күзет қызметі қатарын толықтырады.
Әскери қызметке жіберілмес бұрын әрбір шақырылушы медициналық комиссиядан өтеді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың күзінен бастап «PSY-Риск» психологиялық тестілеуі енгізілді.
— Бұл әдістеме психоэмоционалдық тұрақсыздық пен суицидке бейімділік белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Оның қолданылуы әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттырып, әскери бөлімдерде қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Қарағанды облысының Қорғаныс істері департаменті Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы Дмитрий Буксман.
Әскерге шақырылушыларға медициналық тексеруден өту және әскери қызметке жіберілу үшін келу қажеттігі шақыру қағазы, SMS-хабарлама немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы хабарланады. Заңнамаға сәйкес, отбасылық жағдайға, денсаулыққа байланысты, білім алуды жалғастыру мақсатында және өзге де негіздер бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруға болады.
Әскери қызмет барысында сарбаздар толықтай мемлекеттік қамсыздандыруда болады. Қызметін өтеп, елге оралғаннан кейін олар үшін несие төлемдерін кейінге қалдыру, ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу, жұмысшы мамандығын меңгеру және жұмысқа орналасуға жәрдем алу мүмкіндіктері қарастырылған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1284863?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау