Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының мемлекеттік инспекторлары бекітілген кестеге сәйкес жоспарлы тексеріс жүргізді. Аталған бақылау-қадағалау іс-шарасы прокурорлық сүзгіден өтіп, азаматтық қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталды.
Тексеру қорытындысы бойынша «Уральскагрореммаш» акционерлік қоғамының қызметінде белгіленген нормалар мен қағидаларды бұзудың бірқатар деректері тіркелді. Анықталған кемшіліктерді жою, сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кәсіпорынның уәкілетті өкіліне орындалуы міндетті нұсқама табыс етілді.
Сонымен қатар, аталған заңды тұлға әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, оған тиісті айыппұл салынды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатердің алдын алу мақсатында бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) қызметін немесе жекелеген жұмыс түрлерін орындауды 90 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге тоқтата тұру түріндегі жедел ықпал ету шарасы қолданылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kpb/press/news/details/1284753?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау