Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда.
Бүгінде 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жоба жолаушылар инфрақұрылымын кешенді жаңартуға және еліміздің барлық өңірлерінде азаматтар үшін заманауи, қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Нысандардың техникалық жағдайына қарай қолданыстағы ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, кейбір елді-мекендерде жаңа жолаушылар кешендері салынды. Бірқатар нысандарда ғимараттардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш құрылымдары күшейтілді, конкорстар салынды, жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңғыртылды.
Қайта жаңғырту аясында барлық нысандарда шатыр мен қасбеттер жаңартылып, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау, байланыс жүйелері ауыстырылды. Сондай-ақ нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды.
Вокзалдар заманауи жиһаздармен және навигациялық жүйелермен, желдету және ауа баптау жүйелерімен, бейнебақылау, өрт және күзет дабылдарымен, сондай-ақ кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталуда. Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылуда.
Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Вокзалдар пандустармен, лифтілермен және көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, қызметкерлерді шақыру түймелерімен, бейімделген санитарлық бөлмелермен және ақпараттық көрсеткіштермен жабдықталуда.
Вокзалдарды реконструкциялау және қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, теміржол инфрақұрылымын жаңартуға және азаматтардың қажеттіліктеріне сай келетін заманауи кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kjvt/press/news/details/1284944?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау