15 қыркүйек – Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күні қарсаңында осы жауапты саланың дамуына өзіндік үлесін қосып, ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан мамандардың өнегелі еңбек жолымен таныстыруды жалғастырамыз.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметке бар ғұмырын арнаған жанның бірі – Ибраева Айгүл Әнуарбекқызы. Ол өзінің еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина училищесін «санитариялық фельдшер» мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін бастаған еді. Содан бері қырық екі жыл бойы осы салада табанды еңбек етіп келеді.
1984–1988 жылдары Егіндібұлақ аудандық санэпидстанциясында жұмыс істеп, тәжірибе жинаған жас маман кейіннен Қарқаралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына ауысты. Бүгінде ол осында бас маман болып абыройлы қызмет атқарып келеді.
Айгүл Әнуарбекқызы өз ісіне деген адалдығы, мол тәжірибесі мен қажырлы еңбегінің арқасында әріптестерінің де, ел-жұрттың да құрметіне бөленді. Оның басты құндылығы – кәсібіне деген үлкен сүйіспеншілік. Жұмысқа бар жан-тәнімен берілсе де, ол ешқашан отбасын ұмытқан емес. Өмірлік серігі, ұлы мен қызы, келіні мен немерелері – барлығы да оның тірегі, қуанышы әрі мақтанышы. Міне, шынайы бақыттың белгісі осы.
Айгүл Әнуарбекқызы – ашық мінезді, сенімге берік, жүрегі кең жан. Осы қасиеттері оны тек кәсіби маман ғана емес, адамгершілігі жоғары, айналасына жылулық сыйлай білетін жан ретінде ерекшелеп көрсетеді.
Айгүл Әнуарбекқызының өмір жолы – кәсіпке адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Еңбегіңіз еленіп, абыройыңыз асқақтай берсін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1285250?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау