Қызметкерлер санын немесе штатын қысқарту жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзудың негіздерінің бірі болып табылады. Бұл Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген.
Бұл ретте жұмыс беруші заңнамада белгіленген рәсімді сақтауға міндетті.
Ең алдымен, қызметкер күтіліп отырған еңбек шартын бұзу туралы кемінде бір ай бұрын жазбаша түрде хабардар етілуі тиіс. Бұл ҚР Еңбек кодексінің 53-бабының 1-тармағында көзделген.
Кез келген қызметкерді қысқартуға байланысты жұмыстан шығаруға болмайды. Бұл ретте ҚР Еңбек кодексінің 54-бабының 2-тармағына назар аудару қажет, онда жекелеген негіздер бойынша, соның ішінде қызметкерлер санын немесе штатын қысқартуға байланысты еңбек шартын бұзу мүмкіндігіне шектеулер белгіленген.
Атап айтқанда, заңнамада заңда көзделген шарттар болған кезде жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, сондай-ақ балаларды анасыз тәрбиелеп отырған қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін кепілдіктер белгіленген.
Осыған байланысты, қысқартуды жүргізгенге дейін жұмыс беруші нақты қызметкердің заңнамада жұмыстан шығаруға шектеулер белгіленген тұлғалар санатына жататын-жатпайтынын тексеруге міндетті.
Егер қысқарту рәсімі сақталып, еңбек шарты заңды негіздерде тоқтатылса, қызметкерге көзделген барлық төлемдер жүргізілуі тиіс:
Бұл, ең алдымен, ҚР ЕК-нің 96-бабына сәйкес нақты жұмыс істелген уақыт үшін жалақы, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы, сондай-ақ ҚР ЕК-нің 131-бабына сәйкес жұмысынан айырылуына байланысты бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төлемі.
ҚР ЕК-нің 113-бабына сәйкес егер Еңбек кодексінде өзгеше белгіленбесе, еңбек шарты тоқтатылған кезде қызметкерге тиесілі сомалар еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.
Осылайша, қысқарту кезінде жұмыс беруші қызметкерді хабардар ету, белгіленген мерзімді сақтау, заңнамалық кепілдіктер мен шектеулердің бар-жоғын тексеру, еңбек шартының тоқтатылуын тиісті актімен ресімдеу және қызметкермен толық есеп айырысуды жүргізу сияқты заңда көзделген барлық талаптарды дәйекті түрде орындауға міндетті.
Ең бастысы — қысқарту формальды сипатта болмауы тиіс. Жұмыс берушіде қызметкерлер санының немесе штатының нақты қысқартылғанын растайтын құжаттар болуы және ол белгіленген рәсімді сақтауы қажет.
Егер қызметкер өзін еңбек заңнамасын бұза отырып жұмыстан шығарды немесе көзделген барлық төлемдерді жүргізбеді деп есептесе, ол өзінің еңбек құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық органына жүгінуге құқылы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-enbek/press/news/details/1284732?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау