Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – олардың қажетті техникалық оңалту құралдарына қолжетімділігін қамтамасыз ету. Мұндай құралдар адамның күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, оның қауіпсіздігі мен дербестігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы бағытта Алматы қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің №2 медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімі «ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі» ШЖҚ РМК дәрігерлерімен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы – мүгедектігі бар адамдарды санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықпен қамтамасыз ету және оны алу тәртібін түсіндіру болды.
Кездесу барысында медицина қызметкерлеріне санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықтың мақсаты мен мүмкіндіктері, оны алуға болатын санаттар, техникалық оңалту құралдарын рәсімдеу тәртібі, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен олардың заңды өкілдерін аталған әлеуметтік қолдау шарасы туралы уақтылы хабардар етудің маңыздылығы түсіндірілді.
Санитарлық құрылғысы бар кресло-орындық кімдерге арналған?
Санитарлық құрылғысы бар кресло-орындық жүру және тұру кезінде ауыр бұзылыстары бар, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық рәсімдерді орындау кезінде қосымша қолдауды қажет ететін мүгедектігі бар адамдарға арналған.
Бұл құрал күнделікті күтім жасау процесін жеңілдетіп, санитарлық-гигиеналық рәсімдерді қауіпсіз әрі жайлы орындауға мүмкіндік береді.
Кресло-орындықты пайдалану:
- санитарлық-гигиеналық рәсімдерді қауіпсіз орындауға;
- құлау және жарақат алу қаупін азайтуға;
- мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жеңілдетуге;
- адамның дербестігін арттыруға;
- өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қалай алуға болады?
Санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықпен қамтамасыз ету медициналық көрсетілімдерге және оны жеке оңалту бағдарламасына (ЖОБ) енгізуге байланысты жүзеге асырылады.
Құралды алу үшін мынадай тәртіп сақталады:
Бірінші кезең – жеке оңалту бағдарламасының болуы.
Жеке оңалту бағдарламасының әлеуметтік құрамдас бөлігінде санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықпен қамтамасыз ету туралы ұсыным болуы қажет.
Екінші кезең – өтініш беру.
Техникалық оңалту құралына өтініш белгіленген тәртіппен Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе тиісті жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау орталығы арқылы беріледі.
Үшінші кезең – жеткізушіні таңдау.
Өтініш тіркелгеннен кейін алушы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеткізушіні таңдайды.
Төртінші кезең – тапсырыс беру.
Таңдалған техникалық оңалту құралына электрондық тапсырыс Әлеуметтік қызметтер порталында орналастырылады.
Бесінші кезең – кресло-орындықты алу.
Жеткізуші электрондық тапсырысқа сәйкес таңдалған санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықты ұсынады.
Өтініш берген кезде қандай мәліметтер қажет?
Санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықты дұрыс таңдау үшін өтініш толтыру кезінде алушының жеке өлшемдері көрсетіледі. Атап айтқанда:
- салмағы;
- бойы;
- жамбас шеңбері;
- бел шеңбері.
Бұл мәліметтер адамның жеке қажеттіліктеріне сәйкес келетін техникалық оңалту құралын таңдауға мүмкіндік береді.
Құқықтық негіз
Мүгедектігі бар адамдарды санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықпен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №287 бұйрығымен бекітілген «Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады.
Аталған қағидаларда техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің медициналық-әлеуметтік көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері нақты айқындалған.
Санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықты ауыстыру мерзімі – оны алған күннен бастап 4 жылдан ерте емес.
Қолжетімді ақпарат – тиімді қолдаудың негізі
Кездесудің басты мақсаты – медицина қызметкерлерінің мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабардарлығын арттыру және қажетті техникалық оңалту құралдарын алу мүмкіндігі туралы ақпаратты азаматтарға уақтылы жеткізу.
Мүгедектігі бар адамдардың қажетті құралдарға қол жеткізуі олардың күнделікті өмірдегі қауіпсіздігін, жайлылығын және дербестігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық әрі түсінікті ақпарат беру – азаматтардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жол ашатын маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-almaty/press/news/details/1285484?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау