Шығыс Қазақстан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңдеу өнеркәсібі Шығыс Қазақстан облысы экономикасының базалық саласы болып табылады және өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігін қалыптастырады. 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша оның өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 87,9%-ды құрады.

Өңдеу секторында 770 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 22 ірі,                    29 орта және 719 шағын кәсіпорын бар. Өндірістік қуаттардың негізгі шоғырлануы Өскемен қаласында сақталуда, оған сала кәсіпорындарының 74,8%-ы тиесілі.

Облыста жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындардың жалпы санынан 69%-ы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына тиесілі.

Өңдеу өнеркәсібінің ішінде кәсіпорындардың негізгі шоғырлануы тамақ өнімдерін өндіруге (19%), машиналар мен жабдықтарды жөндеуге және орнатуға (19%), дайын металл бұйымдарын өндіруге (9,9%), өзге де металл емес минералдық өнімдерді өндіруге (9%), ағаш өңдеуге (5%), резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруге (5,2%) және металлургияға (4%) тиесілі.

2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің НКИ-нің оң динамикасы байқалады: көрсеткіш 78,2%-дан 94,5%-ға дейін өсті. Өндіріс көлемі 1 800,4 млрд теңгені құрады.

Өңдеу өнеркәсібінің құрылымында өндірістің металлургиялық кешенде жоғары шоғырлануы сақталуда. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өндіріс көлемінің 68,8%-ы металлургиялық өндіріске, 12,1%-ы химия өнеркәсібіне, 11,4%-ы тамақ өнімдерін өндіруге, 3,5%-ы машина жасауға, 2,3%-ы өзге де металл емес минералдық өнімдерді өндіруге, 1,3%-ы дайын металл бұйымдарын өндіруге тиесілі.

Осылайша, облыстың өнеркәсіптік бейіні айқын металлургиялық мамандануды сақтап отыр. Сонымен қатар химия өнеркәсібіндегі, тамақ өнімдерін өндірудегі, машина жасаудағы және металл емес минералдық өнімдерді өндірудегі оң динамика өңдеу секторының біртіндеп әртараптандырылып келе жатқанын көрсетеді.

Металлургиялық кешен облыстың өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторы болып қалуда.

Металлургиялық кешеннің ірі кәсіпорындары «Қазцинк» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ және «Востокмашзавод» АҚ болып табылады.

«Қазцинк» ЖШС мырыш, қорғасын, мыс, алтын және күміс өндіруді жүзеге асырады; «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ – уран, бериллий және тантал өнімдерін; «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ – титан, магний, сондай-ақ вольфрам және молибден негізіндегі өнімдерді; «Востокмашзавод» АҚ – құю өнімдерін өндіреді.

2026 жылдың 7 айында металлургияда өндіріс көлемі 1 241,8 млрд теңгені, НКИ – 80,6%-ды құрады.

 

Өндіріс көлемінің төмендеуі ең алдымен «Қазцинк» ЖШС-де өндірістің қысқаруымен байланысты, оның облыстың өнеркәсіптік өндірісіндегі үлесі 62%-ды құрайды.

2026 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша «Қазцинк» ЖШС-де өндіріс көлемі төмендеді: алтын – 33,8%-ға, күміс – 19,2%-ға, мыс – 8,6%-ға, мырыш – 14,7%-ға, қорғасын – 17,9%-ға.

Өндірістік көрсеткіштердің төмендеу факторларының бірі келіп түсетін шикізаттың көлемі мен сапалық сипаттамаларының өзгеруі болып табылады, бұл қайта өңдеу тиімділігіне әсер етеді.

«Қазцинк» ЖШС-нің ұзақ мерзімді өндірістік тұрақтылығын сақтау үшін перспективалы кен орындары да қарастырылуда:

Обручевское – қорлары 5,9 млн тонна, қазу жұмыстарының басталуы – 2026 жыл, игеру кезеңі – 2030–2037 жылдар;

Ново-Лениногорское – қорлары 35,6 млн тонна, жоспарланған өндіру кезеңі – 2033–2048 жылдар;

Чекмарь – қорлары 51,5 млн тонна, жоспарланған өндіру кезеңі – 2035–2050 жылдар.

«Қазцинк» ЖШС бойынша Малеевский кенішінің ресурстық базасын 2028 жылға дейін ұзарту қамтамасыз етілді, өндірісті 2030 жылға дейін одан әрі ұзарту перспективасы бар.

2026–2030 жылдар кезеңіне геологиялық саланы дамытуға инвестициялар көлемі 15,5 млн АҚШ доллары мөлшерінде жоспарланған.

Жаңа нысандарды игеру өндіру көлемін сақтауға және өндірістік кешеннің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Химия өнеркәсібі неғұрлым серпінді дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып табылады. 2019 жылдан бастап өндіріс көлемі 12,7 есеге өсті. 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша НКИ 130,9%-ды құрады.

Саланың жетекші кәсіпорындары «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Орика Қазақстан» АҚ және «Үлба-ТВС» ЖШС болып табылады.

Машина жасау өнеркәсіпті әртараптандырудың басым бағыттарының бірі болып қалуда.

2026 жылғы қаңтар-шілде айларында өндіріс көлемі 62,7 млрд теңгені, НКИ – 100,7%-ды құрады, машиналар мен жабдықтар өндірісінің қалпына келуі байқалады.

Саланың жетекші кәсіпорындары «Өскемен арматура зауыты» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС және «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ болып табылады.

Өзге де металл емес минералдық өнімдерді өндіру 27,5%-ға өсті, өндіріс көлемі 27,8 млрд теңгені құрады.

Саланың жетекші кәсіпорындары «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС, «Өндірістік-сауда компаниясы «IZOTERM» ЖШС және «Беловодье» ЖШС болып табылады.

Саланың оң динамикасына қарамастан, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС цемент өндіру көлемінің жыл сайын төмендеуін көрсетуде. Төмендеу нарықтағы бәсекелестікке байланысты. Кәсіпорынның жүктемесін қалпына келтіру үшін тестілік сынақтар аяқталғаннан кейін Қытай және Өзбекстан серіктестерімен экспорттық келісімшарттар жасасу жоспарлануда.

Облыс әкімдігі отандық тауар өндірушілерді барынша жүктеуге жәрдемдесу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізуде. Жергілікті кәсіпорындармен өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда, оларды іске асырылып жатқан жобаларға тарту, сондай-ақ өндірістік жүктеме мен өнімдерді жөнелтудің ай сайынғы мониторингі жүргізілуде.

«Өскемен арматура зауыты» ЖШС әкімдіктің қолдауымен «Каспий Құбыр Консорциумы – К» АҚ-мен ынтымақтастықты дамыту жобасын іске асыруда. Жоба мұнай тасымалдау инфрақұрылымына арналған ысырмалы арматура, сорғы агрегаттары мен электр қозғалтқыштарын өндіруді оқшаулауды және өндірістік қуаттарды жаңғыртуды көздейді.

«Востокмашзавод» ЖШС-де 2026 жылдың соңына дейін жалпы құны 34,2 млрд теңге болатын, 60 жұмыс орнын құрумен «Ірі құю бойынша №10 цехты жаңғырту» жобасын іске асыру жоспарлануда. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 16 439,16 млн теңге сомасында қаржыландырылды. Жаңғырту қорытындысы бойынша жүк теміржол вагондарын құрастыруды іске қосу да жоспарлануда.

2026 жылдың 7 айында өңдеу өнеркәсібіне жеке және қарыз қаражаты есебінен 39,5 млрд теңге инвестицияланды. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі үлесі 9,2%-ды құрады.

Өткен жылдың сәйкес кезеңіне инвестициялар өсімі тамақ өнімдерін өндіруде – 32%-ға, машиналар мен жабдықтар өндірісінде – 16,3 есеге, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнатуда – 2,6 есеге байқалды.

Бұл ретте металлургиялық өндіріске инвестициялар 4,2%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерін өндіруге – 11,2%-ға төмендеді.

Индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде жалпы құны 223,3 млрд теңге болатын 4 жоба іске асырылуда.

2024 жылы «Алтай» ТБК байыту фабрикасының қолданыстағы өндірісін жаңғырту» жобасы («Қазцинк» ЖШС) іске асырылды, жобалық қуаты жылына 400 кг. 2026 жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі (полиметалл концентраттары) 26,3 мың тоннаны, сомасы 12,3 млрд теңгені құрады.

2032 жылға дейін іске асыру сатысында 3 жоба бар:

«Өскемен қаласында катодты алтын өндіру бойынша гидрометаллургиялық зауыт салу» («ВостокГеоМеталл» ЖШС), құны 850,0 млн теңге;

«Литий тотығы концентратын алу мақсатында пегматит кендерін қайта өңдеу бойынша заманауи кәсіпорын салу» Ұлан ауданында («CREADA CORPORATION» ЖШС), құны 850,0 млн теңге;

«ШҚО-да тау-кен байыту комбинатын салу (мыс өндіру және қайта өңдеу)» Тарбағатай ауданында («East Smelting» ЖШС), құны 216,6 млрд теңге.

Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жыл сайын еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы дағдылары бойынша жұмыссыз азаматтар, NEET санатындағы жастар, біліктілігін жоғалтқан немесе еңбек нарығында сұранысқа ие емес азаматтар, сондай-ақ жаңа кәсіпті меңгергісі келетін азаматтар үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылады.

Өңірлік комиссияның шешімімен 440 азаматты оқыту мақұлданды (оның ішінде 390 адам – білім беру ұйымдарында және 50 адам – жұмыс берушінің жұмыс орнында), оқыту жүргізілетін 77 мамандықтың тізбесі бекітілді, оның ішінде 70-і жұмысшы мамандықтар (тракторшы, слесарь, электрик, монтажшы, машинист, аспаз және т.б.).

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 241 адам оқуға жіберілді (оқуға жіберілгендердің 55%-ы), 169 адам оқуды аяқтады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-kasipkerlik/press/news/details/1284866?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version