Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданындағы жоғары сынып оқушылары үшін оқу жылының басы қуанышты жаңалықпен басталды: үш мектепте полиция бағытындағы «Жас сақшы» сыныптары құрылды. Мұнда оқушылар қосымша білім алып, ІІМ-нің жоғары оқу орындарына түсуге дайындалады.
Үш сыныптың ашылу салтанаты аудандық мәдениет үйінде өтті. Болашақ құқық қорғау қызметкерлеріне СҚО ПД бастығы Руслан Назаров пен аудан әкімі Рахат Смағұлов ақжолтай тілектерін білдірді.
«Полицияда үздіктер қызмет етеді». Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің осы сөзін оқушыларға, олардың ата-аналары мен ұстаздарына СҚО ПД бастығы жеткізді. «Заң мен тәртіп әрқайсымыздан, тәртіптіліктен және заң талаптарын саналы түрде сақтаудан басталады. «Жас сақшы» – өмір мектебі, құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік, батылдық пен абырой мектебі», – деді ол.
Мәдениет үйінің сахнасында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып жүрген полиция қызметкерлері, құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосып жүрген педагогтер мен кәсіпкерлер марапатталды. Сондай-ақ екі полиция қызметкерінің ата-анасына алғыс хаттар табысталды. «Жас сақшы» қатарына қосылған жоғары сынып оқушылары үшін бұл Заң мен тәртіпті нығайтуға қосылған үлестің ескерусіз қалмайтынын көрсеткен тағылымды мысал болды.
Іс-шараға қатысушылар үшін арнайы жедел қимыл жасағы жауынгерлерінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Олар жауынгерлік тәсілдерді көрсетті. Полиция кинологы қызметтік-іздестіру итінің тыйым салынған заттарды табу қабілетін көрсетті. СҚО ПД Мәдениет орталығының вокалдық тобының құрамындағы офицерлер жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынды.
№2 мектептің үшінші қабатында «Жас сақшы» сыныптары үшін арнайы кабинет ашылды. Оған Халық Қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетовтің есімі берілді. Ол 2016 жылы жанында жарылған гранатадан қатардағы жауынгерді өз денесімен қорғап, өміріне қауіп төнгеніне қарамастан оның өмірін сақтап қалған.
Кабинет үлгілі оқу орны ретінде жабдықталған. Мұнда Қазақстан батырларының портреттері, жол қозғалысы ережелерін үйретуге арналған қиылыстың макеті, ІІМ академиялары туралы ақпарат орналасқан. Сонымен қатар ведомстволық оқу орындарының сайттарына сілтеме жасайтын QR-кодтар, баланың құқықтары мен міндеттері көрсетілген құқықтық бұрыш және басқа да көрнекі материалдар бар.
Аудан орталығы Булаево қаласы мен Возвышенка және Қарақоға ауылдарындағы мектептердің 48 оқушысы үшін өмірдің жаңа кезеңі басталды. Оларды құқықтық сауаттылық сабақтары, жаттығулар, ардагерлермен және полицияның қазіргі қызметкерлерімен кездесулер, құқық қорғау органдарының жұмысымен жақынырақ танысу күтіп тұр.
Осылайша, СҚО-дағы «Жас сақшы» сыныптарының саны сегізге жетті. Полиция бұл сыныптардағы оқу жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, мектептерде құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі деп есептейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1285446?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау